Спорт

Дәстүрге айналған Цеханович турнирі басталды

Жыл сайын өтіп келе жатқан турнир биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Барша Қазақстанға белгілі, 1967 жылы Ақтөбе облысының Шалқар қаласында грек-рим күресі мектебі ашылған болатын. Мектептің негізін қалаушы – әуесқой-спортшы, жергілікті локомотив депосының шебері Владимир Николаевич Цеханович (1938-1992).

Ол Шалқар қаласында тура он жыл еңбек етті, ал 1977 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысының теміржолшылар спорт бөлімін басқарды. Владимир КСРО кезіндегі Шалқар тұрғындары арасынан шыққан алғашқы спорт шебері және Қазақ АКСР-інің еңбек сіңірген бапкері. Ақтөбе облысындағы грек-рим күресінің дамуына үлес қосқан азаматқа Шалқар көшелерінің бірінде орналасқан, өзі негізін салған спорт мектебіне есімі берілді.

Бұл спорт мектебі тек Ақтөбе облысы үшін ғана емес, барша қазақ елінің классик балуандарын әлемдік аренаға танытқан жоғары дәрежедегі балуандарды даярлап шығаруға мүмкіндік бергені айтпаса да түсінікті жайт. Осы спорт мектебінен түлеп ұшқандардың қатарында Кеңес үкіметі кезінде толағай табысқа қол жеткізген 1991 жылғы КСРО халықтар Спартакиадасын бірінші және ақтөбеліктер арасында жалғыз жеңіп алған Есенкелді Батырғаринды ерекше атап өтеміз.

Төрт жылда бір рет өтетін Қазақстан Спартакиадасында Шалқар өңірінің намысын абыроймен қорғап, жеңімпаз атанған атақты балуандар қатарында Ізбасар Насыров, Асхат Құдайбергенов және Мейрамбек Айнағұлов сынды оғландар бар. Асхат Құдайбергенов өзінің жеке көрсеткіші бойынша Әлем Кубогіне иелік етті.

Мейрамбек Айнағұлов кадеттер арасындағы әлем чемпионы, ал шалқарлық өзге балуандар Әділет Сисенбаев және Дәулет Жалғасов кадеттер арасындағы Азия чемпионатының алтынын алған. Қазіргі уақытта Шалқардағы спорт мектебін Қазақстанға емес, әлемге таныта білген балуан Мейрамбек Айнағұловты мақтанышпен айтамыз. Ол 2017 жылы Франция астанасы Париж бозкілемінде өткен Әлем чемионатында тек финалдық белдесуде сүрініп, қазақ жұртына күміс жүлде сыйлағаны есімізден кете қойған жоқ.

Бұл күндері Ақтөбе облысының Шалқар қаласында сол грек-рим күресінің негізін салушы Цехановичті еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатыр. Бұл турнирде 2004-2006 жылдар аралығында дүниеге келген 12 командадан құралған 270-ке жуық жас балуандар бақтарын сынап жатыр. Бұл турнир жас балуандарымызға тәжірибе алаңы ғана емес, алдағы уақытта Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіковтердің сара жолын жалғайтын дарабоздарды танытатындығына кәміл сенеміз.