Bugin

Магистранттың мұңы: Атағы дардай атау айдағанның қолында кетуде

«Баржоми» ұстап аудиторияға кіргендер жоғары балл алып шықты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Білім және ғылым министрлігіне ашық хат!

Дамыған Мемлекеттер санатына қосылып келе жатқандықтан бакалаврдің білімі қазіргі таңда жұмысқа тұру үшін жеткіліксіз боп қалды. Себебі кез келген жұмысқа түйіндемеңді көтеріп жүгіріп барсан, “магистратурадан алған біліміңіз бар ма?” деп бетіңе бажырая қарайды. Ал одан кейін қоғамның сұранысын орындау мақсатында магистратураға дайындала бастайсың. Әуелі 5-6 мыңға құжаттар әзірленеді. Сосын “халық банктың” кассасына барып, не үшін төлеп жатқаныңнан хабарсыз болсаң да 8 мың 200 теңгеңді ұстатып кетесің. Енді мына қызықты қараңыз, құжатқа кеткен 15 мыңыңды бұлдап, қалт-құлт етіп әрең күн кешіп жүргенде, жаныңдағылардың магистратураны 3-4 мың долларға сатып алғанын естисің, естисің де жағаңды ұстағаннаң өзге әрекет жасауға қауқарың жетпейді. Себебі атарға оғыңның болмағаны секілді, магистратураны сатып алуға қалтаңда бақыр тиының болмайды. “Әй, қойшы соларды” деп қолыңды бір сілтейсің де, баяғыша тестке дайындалуынды жалғастыра бересің. Ағылшын курсына да “пәленбай мыңыңды” сарқып бересің.

Содан не керек, көзді ашып жұмғанша тест тапсырар күнде келіп жетеді. Тәңірге тәуекел етіп, “баржоми” маркалы суыңды құшақтап жетіп барасың. Неге “баржоми” дейсіз бе? Демесеңіз де айтайын, себебі былтырғы ақша беріп, магистратураға түсіп кеткендерден “осы суды ұстап бардым, сол үшін маған сұрақтардың жауабын әкеліп берді” деген ертегілеріне әбден қанық болғансың. Көңілде, бәлкім маған да әкеп берер деген жымысқы үміт те жоқ емес. Әттеген-ай, сөйтсен әр жылы, тіптен әр лек сайын судың түрі ауысып тұрады екен. Ол, ол ма? Дайындалғаннан мүлдем өзгеше болып келген сұрақтарды көріп, көзің шарасынан шыға жаздап отырғанда, қолында “сиқырлы” суы бар аудиторияның 70%-80%-ы телефонды емін-еркін қолданып отырады. Оларға әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмайды.

Жә, бұны да қойшы. Бұдан да өзекті мәселеге көшейін. Алар балыңды алып, басқасының бәріне ренжісең де, шектік балға іштей көңілің толып, тым болмағанда білім саласы сапалы болады деп отырғанда үкімет тағы тас төбеңнен суық суды құйып кеп жібереді.

“25-15-15-20” шектік балын “25-7-7-7” етіп бірақ түсіреді. Осылайша Қазақстанның білім деңгейі көз алдыңда бірнеше есе құлдырайды. Сәйкесінше магистратура деген атағы дардай ат та айдағанның алдында, тістегеннің аузында кете береді. Өзге елдердегідей қол жетпес шыңға бағаланбайды.

Шектік балдың күрт төмендетілуі жөнінде елімізге белгілі ұстаз Аятжан Ахметжанұлы “Ешқандай ғылымда шек жоқ. Ғылымның бәрі сан-сапалы. Сапасыз мамандар дайындалғанша гранттың Мемлекетке қайтқаны дұрыс” деп пікір білдірген. Расымен бүгінгі таңда сапасыз мамандардың сапасыз тірліктеріне қанық болып жүрміз. Осы орайда Мемлекеттің қайта-қайта заң қабылдауға шамасы жетпейтін шығар, әйткенмен келесі жылдан бастап магистратураны тек білімнің шырқау шыңына жеткендер ғана оқи алатындай дәрежеге жеткізу керек. Бұл барлық қазақ жастарының бірінші ұсынысы. Екіншіден, магистратураның білімін ақшаға сатуды қысқарту қажет. “Қолдың кірімен” былғанған дүние ешқашан береке әкелмесі анық! Үшіншіден, тестке кіргізу қағазы да (пропуск), тест ережелерін айтатын дыбыстаушы да, қайта қарау құжаты да(апелляция) түгелімен қазақшалансын! Себебі өз елімізде, өз тілімізде сынақ тапсырып тұрып, көп дүниенің орыс тілінде болғаны өзекті өртеп жібереді екен. Сондықтан, жоғарыда аталған мәселелерді ҚР Білім және ғылым министрлігі назарына алады деп сенеміз.

Иә, жастардың оқуы жолындағы түйткілді мәселелердің басы ашылса еліміздің болашағы жарқын болары хақ. Себебі Елбасымыз айтпақшы “терең білім тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаттығымыздың алдаспаны”.

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

«Адырна» ұлттық порталы