Саясат
Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауына жазылғандар саны уақыт өткен сайын артуда. 2019 жылдың басынан бері қабылдауда тұрғындардың екі мыңнан астам талап-тілектері тіркелген
– Бұл жобаның бірегейлігі оған барлық мемлекеттік органның қатысуында. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымдар арнайы электрондық платформада сақталады. Бұл өз кезегінде келіп түскен арыздарды тақырыбына қарай бірнеше топқа бөлуге және олардың қаралуы-қаралмауы жағын бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Бүгінде виртуалды қабылдауға 303 мемлекеттік орган мен 768 маман қосылған, – дейді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марина Гагарина.
Ол арыз-шағымды бірнеше жолмен түсіруге болатынын да еске салды. Мәселен, Өскемен қаласындағы Қазақстан көшесі, 59/1 мекен-жайында орналасқан фронт-кеңсеге хабарласуға болады. Бұл кеңсе жұмыс күндері сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін қызмет көрсетеді. Аталмыш мекеменің мамандары мемлекеттік қызметке қатысты кез келген сауалға жауап беруге әзір. Сондай-ақ мұнда көру қабілеті нашар жандарға арналған аудиогид де бар екенін атап өткен орынды.
– Тіркелу барысында келушілердің барлығына арнайы код беріледі. Дәл осы кодтың көмегімен өз арызыңыздың қаралуын қадағалап отыруыңызға, сонымен қатар көрсетілген қызметке баға беруіңізге болады, – дейді ол.
Бұған қоса обысымыздың кез келген нүктесінен үй немесе ұялы телефоны арқылы 1331 нөміріндегі байланыс орталығына да хабарласуға болады. Телефон шалу тегін. Жұмыс күндері тұрғындардың арыз-шағымдарын оператор, ал демалыс пен мейрам күндері автоматтандырылған жауап беру жүйесі қабылдайды.
Сондай-ақ, www.1331.kz порталына кіріп, электрондық сандық қолтаңбаңыздың көмегімен де сауалыңызды жолдауға болады.
Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы 600-ге жуық қызмет түрі қарастырылған. Оның ішінде мемлекеттік органдар жұмысына қатысты қызметтермен қатар, автокөлік жүргізушісінің куәлігін беру сияқты сервис те бар. Ал порталда жолданған сауалға дайын жауап табылмай жатқан жағдайда, өтініш тіркеуге алынып, құзырлы органдарға жіберіледі.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер қолданушылары үшін жұмыс уақытында Facebook, Instagram, Telegram, YouTube, «ВКонтакте» мен «Одноклассникидегі» облыс әкімі қоғамдық қабылдауының пабликтерін қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Оған +7 777 056 1331 және +7 771 202 20 02 WhatsApp нөмірлері арқылы шығуға болады.
Виртуалды қабылдауға Digital East мобильді қосымшасының көмегімен де кіруге болады.
– Тұрғындардың арыз-шағымдарын қарау уақыты да барынша қысқартылған. Енді өтініш тіркеуге алынғаннан кейінгі 10 күнтізбелік күннің ішінде қаралуы тиіс. Ал белгілі бір мемлекеттік органнан қосымша ақпарат алу қажет болған жағдайда өтінішті қарау мерзімі 22 күнге дейін ұзартылады, – дейді М.Гагарина.