Weekend
Құрмет көрсетті
Арыстағы қайғылы оқиғадан кейін барша қазақстандықтар көмек қолын созудан аянбады. Семейден Арыс қаласына үш ерікті бригадасы жіберілді. Олар қаланы қайта қалпына келтіруге белсене қатысты. Бес адамнан тұратын бригаданың бірәз бөлігі әлі де сол жақтағы жұмыстарын жалғастыруда. Ал, қалғандары Семейге оралды. Әкімдіктің кіші залында қала басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге қатысқан жандарды алғыс хаттармен марапаттады. Ал, жергілікті кәсіпкерлер қаржылай сыйлықтарын табыс етті.
- Бүгін біз 24 маусым Арыс қаласында орын алған жағдайға байланысты көмек көрсеткен жандарға алғыс айтуға жиналып отырмыз. Қаламыздың 39 тұрғыны қайта қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Осы жандарды қаржылай марапаттауға келген «Полимерлі бұйым зауыты» ЖШС мен «Қазына» ойын-сауық кешенінің кәсіпкерлеріне ризашылығымды білдіремін,-деді Ермак Сәлімов.
15 күннің ішінде семейліктер Арыс қаласында құрылыс және әрлеу жұмыстарын жүргізді. Естеріңізге сала кетейік, 24 маусым күні Арыс қаласының оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, қаланы дүр сілкіндірген еді. Нәтижесінде тұрғындар эвакуацияланып, үйлер мен қала жолдары қирады. Қазіргі таңда, қаланы қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тұрғындар өз үйлеріне біртіндеп оралуда.