Bugin

«Nur Otan партиясы» жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі сарапшылар тобы ШҚО-да атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады

«Бақытты отбасы» жол картасы жобасымен танысу

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шығыс Қазақстан облысына ҚР Президент әкімшілігінің жанынан құрылған жұмыс тобы келіп, «Nur Otan партиясы» жанындағы балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету жүйесі, ұсыныстарды зерделеу мен жинау мәселелерін талқылады.

Бұл жұмыс тобының құрамында  «Nur Otan партиясы» жанындағы балалар құқығын қорғау жөніндегі сарапшылар ғана емес, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау, Ішкі істер, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктері мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері болды.

Жол картасында отбасының қаржылық жағдайын жақсарту, балалар үшін қауіпсіз ортаны қалыптастыру, Жұмыспен қамту және қосымша білім беруді қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықты анықтау және алдын алуға тиісті учаскелік қызметтерді, учаскелік инспекторларды, дәрігерлер мен мектеп психологтарын ведомствоаралық үйлестіру бойынша 70-тен астам шара өткізілген. 
Аталмыш жұмыс тобы қатысқан жиынның ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова бүгінде өңірімізде 1,4 миллион адам тұрып жатқанын атап өтті. Оның ішінде 361 мыңы - балалар. Сондай-ақ Әсем Нүсіпова облыста 17 851 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғанын жеткізді. Соның ішінде 52 376 бала бар.
Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова өңірдегі  «Бақытты отбасы» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар легімен таныстырды. Өңірде 15 мыңнан астам ерекше білім алуды қажет ететін оқушы бар. Бұл мақсатта алты психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңес беру орталықтары құрылған. Бұдан бөлек 13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, 18 арнайы білім беру ұйымы, 89 логопункт пен мектепке дейінгі білім беретін арнайы топ құрылған.
Ал инклюзивті білім беру бағдарламасын дамыту мақсатында 2020 жылға дейін 1200 педагог арнайы курстан өтеді. 495 мектептің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Сондай-ақ 38 мектеп осы топтағы балалардың ыңғайына қарай жасақталады.
Қазір Семейде психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылды. Бұдан бөлек ағымдағы жылдың қыркүйек айында Шемонайха, Аягөз, Ақсуат пен Өскеменде дәл осындай кабинеттер қолданысқа беріледі. Жалпы білім беретін мектептерде жұмыс істейтін 500 мұғалімнің 224-і 2019 жылы инклюзивті сыныптарға сабақ беру мақсатында арнайы курстан өткен. Бұдан бөлек көзі көрмейтін балаларға арналған 2 ресурстық сынып ашылды.
Қазір инклюзивті білім беру мақсатында 66 балабақша пайдалануға берілді. Сондай-ақ 389 жалпы білім беретін мектепте дәл осындай балаларға оқуға барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар аймақтағы 26 колледжде ерекше білімді қажет ететін балалар білім алуда. Ал 2020 жылға дейін инклюзивті білім беру жағдайын мақсатында мектептердің 75 пайызы қайта жасақталып, онда балалардың 56 пайызы оқитын болады. Бұдан бөлек өңірде отбасыларды нығайту мен әлеуметтік жетімдікті дамыту мақсатында қолға алынған жоба аясында жетімдер үйінің тәрбиеленушілер 31 пайызға (820 адамға) азайған. Нәтижесінде 2 балалар үйі жабылып, 2 ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған мектеп-интернаты ашылды.  
Облыстағы мектептерде 188 мыңнан астам бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар да бар. Сондай-ақ облыс әкімінің бастамасымен арнайы бағдарлама әзірленіп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар қолдау көрсетілуде. Аталмыш бағдарлама аясында балалар мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тегін оқиды. Сондай-ақ тегін мектеп формасымен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен жоғары оқу орындарында білім алуы үшін арнайы гранттар қарастырылған. 
Өңірде кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасындағы суицидке бару мәселесі өте актуальды. Аталмыш жағдайды жақсарту үшін қалалар мен аудандарда мобильді топтар құрылды. Бұл аудан мен қала әкімдері орынбасарларының бақылауымен жұмыс істеуде. Мобильді топтың мүшелері суицидтің не себептен орын алғанын анықтап, профилактикалық шаралар  жүргізеді. Сондай-ақ олар кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жұмыс істейді. 
«Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында білім беру мекемелерінде 1 қыркүйектан бастап «Саналы түрде ата-ана атану» атты курс ашу жоспарланып отыр. Жиын барысында Әсем Нүсіпова ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне Семей ядролық полигоанын салдарынан зардап шеккен балаларға арналған оңалту орталығының құрылысын қаржыландыру мәселесін шешу мақсатында бюджеттік өтініш жібергенін атап айтты. 
Денсаулық сақтау саласында үш жылдық кешенді жоспар жасалған. Нәтижесінде бұл салада ілгерілеушілік байқалған. Ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында 3,5 млрд теңге жұмсалып, арнайы диагностика мен дуальды ота жасауға мүмкіндік беретін компьютерлік томография сатып алынды. Сондай-ақ шала туылған сәбилерге арналған аппарат қолданысқа берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинованың айтуынша, бала өлімі 12 пайызға азайған. Сондай-ақ әлеуметтік қызметкерлер, бас дәрігерлер мен бас дәрігерлердің орынбасарлары 5 жасқа дейінгі бала тәрбиеленіп жатқан отбасылармен байланыс орнатқан. Нәтижесінде өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда отбасылардағы қайғылы оқиғалардың саны азайған.
Сарапшылар Шығыс Қазақстандағы үш қала мен алты ауданды аралайды. Қазір «Nur Otan» партиясы жанындағы балаларды қорғау жөніндегі Кеңестің мүшесі,  консультант Рысты Жұмабекова Шығыс Қазақстанда атқарылып жатқан «Бақытты отбасы» жол картасына оң бағасын берді. 
Айта кетейік, аймақ басшылығы қазіргі уақытта ана мен бала құқығын қорғау басқармасын ашу мәселесін қарастыруда. Бұл өз кезегінде отбасы мен бала арасындағы қарым-қатынасты заңмен қорғауға мүмкіндік береді.