Weekend

Әр адамның өмірде өз жолы бар

Табуға тырысыңыз!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жас кезінде бәрі армандаудан қорықпайды, қолынан бәрі келетініне сенімді болады. Сосын уақыт өте келе көптеген кедергілер кездесіп, өз жолыңмен жүрудің мүмкін еместігін көптеген адамдар дәлелдеп бағады.

Бір қарағанда, бұл кедергілер қауіпті көрінеді, бірақ шын мәнінде олар өз жолыңды табуға жөн сілтейді. Рухыңды көтеріп, жігеріңді жани түседі. Бір анық шындық бар: кім болсаң да, нені қаласаң да, егер бір нәрсеге қатты көңілің ауса, міндетті түрде қол жеткізесің, өйткені бұл тілек тұтас дүниенің өзінде пайда болады. Яғни, бәрі де сенің сол тілегіңнің орындалуы үшін жағдай жасайды, бұл сенің пешенеңе жазылғаны.

Бүкіл әлем адамдық бақыттан нәр алады, сондай-ақ қайғымен де, көре алмаушылықпен де, қызғанышпен де азықтанады. Адамның алдына қойылған  жалғыз міндет сол, өмірінің соңына дейін өз жолымен жүруі тиіс. Міне мәселе осында. Сондай-ақ әрбір пенде есте сақтауы керек, бір нәрсені қатты қалайтын болсақ, бүкіл тіршілік атаулы сол тілектің орындалуына ықпал етеді.

Бір бай баласын бақыттың сырын білу үшін данышпанға жібереді. Шөл даламен қырық күн бойы жүрген жас жігіт ақыры тау шыңында орналасқан көз тартарлық тамаша қорғанды табады. Іздеген данышпаны осында тұратын болып шықты.

Алайда қорған оңаша ортаға арналмапты, қайта халыққа толы екен: тауарларын ұсынған саудагерлер, бұрыштарда әңгімелескен адамдар, сырлы әуенді орындаған шағын оркестр көрінеді. Бөлменің ортасына үлкен дастархан жайылыпты, үсті толы дәмді тағамдар. Данышпан қонақтардың бәрін біртіндеп аралап келе жатады. Содан жігітке кезек жеткенше екі сағат күтуіне тура келді.

Міне, кезегі жетіп, не үшін келгенін айтқанда, Данышпан бақыттың құпиясын ашуға қазір уақыты жоқ екенін айтады. Ол жігітке қорғанды аралап, екі сағаттан соң осында қайта келуін тапсырады.

- Тағы бір өтінішім бар, - деп Данышпан екі тамшы май құйылған шай қасықты ұсынады. – Мынаны өзіңмен бірге алып жүр, абайла, төгіп алма.

Жас жігіт қасықтан көз алмаған күйі сарайдың тепкішектерінен көтеріліп, төмен түсе бастайды. Ал арада екі сағат өткен кезде Данышпанның алдына келеді.

- Кел қане, саған қонақ бөлмесіндегі парсы кілемі ұнады ма? Бақ қандай екен, оны өнер шеберлері бақандай он жыл жасаған, менің кітапханамдағы көне жазу қағаздары мен қалың кітаптарды көрдің бе? – деп сұрайды Данышпан.

Жігіт қатты қысылса да мойындайды, ештеңе де көрмегенін, бар ойы қожайыны сеніп тапсырған май тамшысын төгіп алмау болғанын айтып ақталады.

- Онда кері қайт та, менің үйімдегі бүкіл кереметті тағы қарап шық,- дейді сонда Данышпан. – Қайда тұратынын, қалай тұратынын білместен адамға сенуге болмайды.

Жас жігіт қасықты ұстаған күйі қайта кетеді. Бұл жолы бөлмені өрнектеген бар өнер туындыларын асықпай қарап, түгел аралап шығады. Баққа барады, ондағы гүлдердің әдемілігін, қолдан жасалған картиналар мен статуэттердің құндылығын бағалайды. Данышпанға қайта оралғанда, не көргенін түгел түсіндіреді.

- Ал екі тамшы май қайда? Мен оны төгіп алмай әкел демеп пе ем? - дейді сонда Данышпан.

Сол кезде ғана жігіт қолындағы қасықтың төгіліп қалғанын байқайды.

- Міне, менің берер жалғыз ақылым осы. Бақыттың құпиясы, әлемнің керемет, тамаша екендігінің бәрін көре білуде, бірақ шай қасықтағы екі тамшы майды қандай жағдайда да ешқашан ұмытпауда.

Сондай-ақ өмірде берілетін белгілерге мән беруді де үйрену керек әрі сол белгілерге қарай әрекет еткен жөн. Бірақ адамдар белгілер туралы жиі сөз еткенімен, оны түсінбейді.

Есіңізде болсын, әрқашан не қалайтыныңызды дәл білуіңіз керек. Ешқашан өз арманыңыздан бас тартпау қажет. Міне, осы тұста берілген белгілер бізге көмектеседі. Тек соны дер кезінде аңғарсақ болғаны.

Өз арманыңызбен, өз жолыңызбен ары қарай жүрген сайын өміріңіз анықтала түседі. Беймәлім дүниеден қорықпау қажет, қалағанына қол жеткізуге, керегін табуға кез келген жан қабілетті.

Өйткені шын көңілмен қатты тілесе, адам тұтас дүниенің рухымен байланысқа түседі, мұның артында алып күш тұр.

Сондай-ақ адам ғана емес, Жер бетіндегінің бәрінде, тас болсын, өсімдік болсын, жануар немесе кәдімгі ойдың   өзі рухтан тұрады. Себебі Жерде де рух бар. Бәріміз  сол рухтың бөлігі болып табыламыз. Бірақ оның біздің бақытымыз үшін жұмыс істейтіндігін білмейміз.

Міне, әлемнің өзінде рух бар екен. Егер кімде-кім сол рухты аңғара алса, онда бүкіл тіршіліктің тілін түсінетін болады. Алайда әркімнің үйрену қабілеті әр түрлі, ешкім де бір-біріне ұқсамайды. Сонда да өз жолын іздегені үшін адамдардың әрқайсысын құрметтеу керек.

Өз жүрегіңізді тыңдай білііңіз. Жүрек деген бәрін білетіндіктен, әлемнің рухымен бірге, әрі уақыты келгенде, сол жаққа қайтады.

Сұрауыңыз мүмкін, жүрек неге адамға белгі бермейді, неге өз арманын орындау керектігін ескертпейді деп. Өйткені сол жолда адамға көп қиналуға тура келеді, ал жүрек қиналғанды ұнатпайды.

Арман орындалар алдында әлемнің рухы берілген сабақтарды меңгере алдыңыз ба, соны тексереді. Міне, сол кезде адамдар батылдыққа қиянат жасайды. Яғни, сыр алдырып қояды, өз жолынан бұрыс кетеді...

Жалпы жүрек барлық адамға көмектеспейді, тек өз жолын іздегендерге ғана жөн сілтейді. Және балаларға, маскүнемдерге, қарттарға жәрдемдеседі. Өйткені олардың жүректері бар күштерімен ширыға түседі.

Кім өз жолымен жүрсе, бәрін біледі және істей алады. Арманды орындай алмау мүмкін емес, егер кездескен сәтсіздіктерден қорқатын болсаңыз ғана.