Саясат

Илья Варламов: Сағынтаев Байбектің саяси тәуекелін құрдымға жіберді

Осыған дейінгі қала басшылары әл-Фараби даңғылындағы жылдамдықты сағатына 60 шақырым етіп, үлкен саяси тәуекелге барды, ал қазір олардың еңбегі құрдымға кетті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Күні кеше Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әл-Фараби даңғылында сағатына 80 жылдамдық режимі қайтарылатынын мәлімдеген еді. Бұл шешімге халықтың сұранысы, қоғамдық кеңес пен мәслихаттың пікірі себеп болған екен. 

Жаңа әкімнің жаңа өзгерісі жайлы ресейлік танымал урбанист блогер Илья Варламов жеке сайтында пікір білдіріп, бұл шешімді қолдамайтынын білдіріп, Сағынтаев командасын сынға алды. 

 - Осыған дейінгі қала басшылары әл-Фараби даңғылындағы жылдамдықты сағатына 60 шақырым етіп, үлкен саяси тәуекелге барды, ал қазір олардың еңбегі құрдымға кетті, - дейді Варламов. 

Рас, экс-әкім Бауыржан Байбек командасы өз имиджіне нұқсан келсе келсін, жүргізушілердің наласы болса бізге болсын деп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін 60 км/сағ шектеуді енгізген еді. Ол үшін арнайы Еуропада жақсы сұранысқа ие болған, жолдағы өлімді азайтуға бағытталған Vision Zero жобасын да бастады. 

Варламов Байбектің кезіндегі оң өзгерістерді жоғары бағалады. Мысалы автокөліктерден шығатын газ қалдықтары мен көлік кептелісі проблемасына өз альтернативасын қоғамдық көліктер мен велосипед саласын дамыта отырып ұсынды. Барынша экологиялық амалдар қолданылғанын атап өтті. 

- Ал қазіргі басшылардың проблемаға қарым-қатынасы тым таяз. Адамдарды қоғамдық көлік пен велосипедке шақырудың орнына олар популизммен айналысып жүр, - дейді блогер. 

Желі белсенділерінің бірі бұл өзгеріске қарсы болса, бірі қолдап жатыр. Жүргізушілер 80 км/сағ шектеуі арқылы қаладағы кептеліс азаяды десе, екінші тарап әл-Фараби даңғылында жаяу жүргіншілерге жасалған жағдайдың нашар екендігін алға тартады. Мысалы мүгедектер мен балалар арбасын сүйреткен ата-ана жолдың арғы бетіне өтуі үшін жолүсті өткеліне көтеріліп қайта түсуі керек. Сол сияқты кей тұрғындар мұндай ыңғайсыз жолөткелдерді елемей жолды кесіп өтіп, апаттарға себеп болады.

Бауыржан Байбек бұл өзгеріске қатысты өз пікірін білдірді: 

- Nur Otan партиясына ауысқаныма екі ай уақыт болып қалды. Бүгінде Алматыны әріптесім Бақытжан Сағынтаев басқарып отыр. Шешімді қабылдайтын да сол, сол аумақ үшін жауап беретін де өзі. Қоғамдық кеңес бар, мәслихат бар. Мұнда қандай да бір ақыл-кеңес беру артық болар деп ойлаймын, - деді Бауыржан Байбек. 

Оған қоса экс-әкім Қауіпсіздік - "Алматы 2020" бағдарламасының маңызын атап өтті. Соған қарап-ақ Бауыржан Байбектің қазіргі Сағынтаев шешіміне қарсы екенін біле берсек болады.