Саясат
Мәселе
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comТалдықорған-Өскемен республикалық тас жолынан бастау алатын Балқашқа барар жолдың ұзындығы 141 шақырым. Көл жағалауындағы туризмді дамыту мақсатында 2017 жылдың желтоқсан айында жолға күрделі жөндеу жүргізіле бастады. Алматы облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасы 141 шақырым жолдың құрылысына 30 миллиардтан астам теңге бөлінетінін айтып отыр.
Күрделі жөндеудің ұзаққа созылуы көлге қатынайтын туристер мен жолай орналасқан 5 (Көлтабан, Егінсу, Матай, Лепсі, Мұқан Төлебаев) ауылдың халқына қиындық келтіріп жатыр. Мәселен, 2 жыл бойы 35 шақырым жолдың құрылысын аяқтай алмай келе жатқан "ЖОЛ" ЖШС-і өкілдері Көлтабан ауылындағы шаруалардың егістігіне рұқсатсыз басып кірген.
«Мердігерлер ауыл тұрғындарының егістік алқабына басып кірді. Менің 1 гектар жерім арқылы қазір айналма жол салып жатыр. Сонда біз адам емеспіз бе? Тізеден қырып тастады. Жер кодексінде "жердің қыртысын бұзуға болмайды" делінген. Ал, оны бұзып кеткеннен кейін, ол жерден қандай өнім алам? Неге бізден рұқсат сұрамайды? Неге біздің жерімізді біреулер заңсыз пайдалануы керек? Мердігер компанияның өкілдері қайда барсаң, онда бар деп қоқан-лоққы көрсетіп отыр. Әкімнің де шамасы келмейді», - дейді Көлтабан ауылының тұрғыны Әділ Әбдірақынов.
Әбігерге түскен жолаушылар мен ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, мердігерлер құрылысты сағызша созып келеді. Онсыз бола ма. Құрылыс нысандарын үнемі уақытынан кешіктіріп тапсыру қазақстандық компаниялардың айрықша қыры емес пе! Бас жоспарға сай 2017 жылы басталған жолдың 110 шақырымы 2021 жылға дейін аяқталады делінген. Оған қазынадан бақандай 27 миллиард теңге қарастырылған екен. Алайда, 2 жыл өтсе де тек екі жарым шақырымға екі қабатты асфальт төселген. Енді 110 шақырымды 2021-ші жылға дейін аяқтау үшін мердігерлер қандай жылдамдықпен жұмыс істеу керектігін есептей беріңіз.
«Жол жөндеу жұмысы өте баяу. Талдықорғаннан Лепсіге аптасына 2 рет қатынаймын. Жолға қырлы тастарды төгіп тастаған. Соның кесірінен бірнеше рет дөңгелек жарылды. Жолда көлге бара жатқан демалушылардың көлігі сынып жатады. Ондайға талай куә болдық. Жұмыс жасап жатқан ешкімді көрмеймін. 2-ші жылға кетіп бара жатыр ғой. Айналдырған 35 шақырымды жасап біте алмай жатыр. Жұмыс жасайын деген ниеттері жоқ ешқайсының. Жолды шашып қойып, енді жатыр. Жұмыстарынан еш нәтиже көрмедік. Ойқыш-ұйқыш жол - жолаушыны да, көлікті де шаршатып бітті», - дейді Лепсі ауылына азық-түлік жеткізіп жүрген көлік жүргізуші Күмісбек Жақсыбеков.
![]()
Жол бойынан қазір тек салынған өткелдер мен көпірлерді ғана көруге болады. Алайда, оның өзі толық орнатылып бітпеген. Жұмыс істеп жатқан техниканың 5-уін ғана кездестірдік. Жол бойындағы ауыл тұрғындарының сөзінше, күре жолдың құрылысына бархан құмы пайдаланылып жатыр.
Ал, жол жөндеушілер құмды тек айналма жол салуға пайдаланатындарын айтып ақталды. Тапсырыс беруші облыстық автомобиль жолдары мен жолаушылар тасымалы басқармасындағылардың сөзіне сенсек, Талдықорған-Лепсі бағытындағы жол 3 кезең бойынша жөнделмек. Ал, жол құрылысының ұзаққа созылуын басқарма басшысының орынбасары былай түсіндірді.
Ғалымжан Дәрібаев, Алматы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары: «Негізі, жолды 2021 жылға дейін толықтай аяқтауды жоспарлағанбыз. Біздің басқарманың жалпы бюджетінің өзі 20 миллиардқа жетер-жетпес. Ал бұл жобаның құны 30 млрд. теңге төңірегінде болып тұр ғой. Енді, бұл жобаның қашан бітетіні қаражаттың бөлінуіне байланысты. Сондықтан, қазір құрылысы жүріп жатқан нысанды (35 км) 2021 жылға дейін аяқтасақ деген жоспар бар».
Жырға айналған жол мәселесі қазір Балқашта туризмнің дамуына мүмкіндік бермей тұр. Күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы көлге келетін демалушылар саны да біршама азайған.
«Бұрын бұл уақытта көлде демалушылар көп болатын. Жолға байланысты келушілер күрт азайды. Өздеріңіз көріп отырғандай қазір Балқашта ешкім жоқ. Ал, көл жағасындағы сервис туралы айтудың өзі артық. Мұнда ауыз толтырып айтатын ештеңе жоқ», - дейді Балқаш көліне шомылуға келген Лепсі тұрғыны Мырзахмет Сейітханов.
Жол құрылысын толығымен аяқтау мәселесі қомақты қаражатқа тіреліп тұр. Егер 3 жылда 35 шақырым аумақ жөнделсе, қалған 100 шақырымын ретке келтіру жұмыстары қанша уақытқа созылатыны беймәлім.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61