Саясат

Бабановқа тергеуге қатысты шақырту келді

Қырғыз республикасы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) парламенттің бұрынғы депутаты және "Республика - Ата Жұрт" партиясының лидері Өмірбек Бабановқа тергеуге жауап беруге шақырту жіберді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

МҰҚК баспасөз қызметінің ақпаратында Бабановтың 2017 жылы 28 қыркүйекте Ош қаласындағы Әмір Темір шағын ауданында сайлаушылармен кездесуінде айтқан сөздеріне байланысты бұған дейін бас прокуратура қозғаған қылмыстық іс аясында тергеуге шақыртылғаны айтылған.

"Өмірбек Бабанов бұл қылмыстық істе куәгер саналады" деп хабарлады МҰҚК.

19 тамызда Бабановтан қаржы полициясы жауап алған. Кейін Бабанов журналистерге тергеушілер өзіне "Қырғызстан" банкіне байланысты іс бойынша сұрақтар қойғанын хабарлаған. Тергеу жайлы ақпаратты жарияламау туралы қолхат бергенін алға тартып, ол істің жай-жапсарын ашып айтпаған.

Бұған дейін МҰҚК Бабановтан екі қылмыстық іс бойынша жауап алынатыны туралы мәлімдеген. Оның біріншісі Әмір Темір шағын ауданындағы сайлаушылармен кездесуінде айтқан "негізсіз, арандату сипатындағы" сөздеріне байланысты, екіншісі - билікті күшпен басып алу және жаппай тәртіпсіздіктерге дайындалу фактісі бойынша қозғалған. Екінші іс бұған дейін уақытша тоқтатылған.

Қырғызстанда 2017 жылы өткен президент сайлауының ресми қорытындысы бойынша президенттікке канидат Өмірбек Бабанов екінші орын алған. Сайлауға дейін Бабанов Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескеннен кейін ресми Бішкек Астананы (қазіргі Нұр-Сұлтан) "Қырғызстанның ішкі ісіне араласты" деп айыптап, екі ел бір-біріне наразылық ноталарын жолдаған еді.

Сайлаудан кейін Қырғызстаннан кетіп қалған Бабанов кейін саяси қызметін доғаратыны және парламент депутаты мандатынан бас тартатыны туралы мәлімдеген.

Биыл 9 тамызда Өмірбек Бабанов Мәскеуден Бішкекке оралған.