Саясат

Орыс саясаткері: Биліктің мақсаты - Атамбаевты түрмеге жабу емес, елден қуу

Атамбаевты түрмеге отырғызу қиындау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ТМД Диаспора және интеграция институтының Орталық Азия және Қазақстандағы саясат мәселесімен айналысатын мамандар Қырғызстандағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы НСН радиосына сілтеме жасап.

Аталмыш мемлекеттік емес ұйымның бөлім жетекшісі Андрей Грозиннің айтуынша, Атамбаевты түрмеге отырғызу қазіргі қырғыз билігінің қолынан келе қоятын іс емес. Өйткені Атамбаев - мықты адам, нағыз саяси жауынгер. Шағыла қоятын жаңғақ емес.

- Атамбаев жеңіледі деген ойдан аулақ болар едім. Оның саяси тәжірибесі өте мол әрі менің ойымша, оған қысым жасалған жағдайда, тығырықтан шығудың жолын таба алатын адам. Ол берілетін адам емес, нағыз жауынгер десем болады, - дейді саясаткер.

Қазіргі уақытта Атамбаевқа заңсыз жер телімдерін иемденді, қылмыс әлемінің серкесін заңсыз босатып жіберді, Бішкек ЖЭС жөндеу кезінде ақша жымқырды, көмір «ұрлады» деген сынды айыптар тағылып отыр. Алайда ресейлік саясаткердің ойынша, қырғыз билігіне бұл тағылған айыптарды дәлелдеу қиын болмақ.

- Бұлтартпас дәлел жоқтың қасы. Қырғызстандағы бақылаушылардың көбі Атамбаевқа жала жабылып отырғанын айтады. Атамбаев – ірі саяси тұлға, оны жайдан-жай түрмеге отырғыза салу биліктің қолынан келмейді, - дейді саясаткер.

Грозиннің ойынша, қырғыз билігі шын мәнінде, Атамбаевты түрмеге отырғызуды ойлап отырған жоқ, үркітіп, қорқытып, елден көшіріп жіберуді ойлап отыр.

- Меніңше, мемлекет басшылығының бастапқы мақсаты Атамбаевты елден қуып жіберу болған сияқты. Ақаев пен Бакиев те елде қысым көрсетілгеннен кейін, Қырғызстаннан қашып кеткен болатын. Бірақ билік бұл жолы «қатты кетті». Өйткені Атамбаев берілмей отыр, бірбеткейлігін танытуда. Ал биліктің бұған дайындалмағаны көрініп тұр, - дейді сарапшы.

Атамбаев қазіргі билікке қарсы оппозициялық блок құрып, келесі президенттік сайлауға дайындала бастауы Жээнбековтің «қытығына» тигені анық. Сондықтан экс-президентті елдің саяси аренасынан қуып тастап, бәсекелестікті құртпақ болған қазіргі президент Атамбаевты ұстау қулығына барғанға ұқсайды.

- Алайда Атамбаев саясаттан оңайшылықпен кететін адам емес, - деп ойын қорытты орыс саясаткері.