Bugin

Қазақ даласын зерттеген: «Рухани жаңғырумен» Англиядан қонақ шақырылды

Талдықорған "Рухани жаңғыру" бойынша Лондоннан да қонақ шақырады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасын Лондоннан қонақ шақыру арқылы жүзеге асырады.

Талдықорғанда Ұлыбританияның 86 жастағы саяхатшысы Джон Масси Стюарттың "Томас, Люси және Алатау: Сібір мен қазақ даласындағы Аткинсондардың шытырман оқиғалары" кітабының тұсаукесері өтті. 86 жастағы қарияны сонау "тұманды альбионнан" аттай қалап алдырған Алматы облысының Ішкі саясат басқармасы басшысы Рустам Алпысбаев пен Хабар-24 арнасының Лондондағы тілшісі Ғалымжан Қараманұлы екен.

Аталған туындыда 19-ғасырда қазақ даласына саяхаттаған британиялық Томас Аткинсон мен оның жұбайы Люсидің басынан өткерген оқиғалары суреттелген. Ағылшын саяхатшысы Томас Уитем Аткинсон алғаш рет Қазақстан аумағына 1844 жылы келіп, Орал арқылы Алтайға сапар шеккен. Ал, 1845 жылы Алатаудың етегіне жетіп, Қапалда 8 ай тұрақтаған. Қазақ даласында дүниеге келген ұлдарының есімін Алатау Тамшыбұлақ деп қойған екен. Сібір саяхатшысы деп танылған Томас Аткинсон 7 жылда  Орал, Қазақстан және Сібір аумағы арқылы 40 мың миль жүріп өтіпті.

- Томас Аткинсон ұмыт қалып бара жатқан британ сәулетшісі, суретшісі және саяхатшысы. Сондықтан мен оның биографиясын толық жазып шыққым келді. Туындым Аткинсондар отбасының басынан өткерген шынайы оқиғаларға негізделген, - дейді Лондоннан келген Джон Стюарт.

Аталған еңбек былтыр Лондонда 500 дана боп басылған екен. Биыл тағы 500-і жарық көрген. Дегенмен, автор өз еңбегін коммерциялық бағытта жазылмағанын айтады. Ендігі мәселе - туындыны қазақ және орыс тілдеріне аудару.

- Бұл - тарих, қазақ даласында орын алған оқиға. Сондықтан, туындыны қазақ  және орыс тіліне аудару туралы мәселені қарап жатырмыз. Бұйырса, алдағы уақытта бұл мәселе шешілуі керек», - дейді Хабар-24 арнасының Лондондағы тілшісі Ғалымжан Қараманұлы.

Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасына орай шақыртылған маман аталған бағдарламаны естімеген екен.Лондондық мейман алдағы күндері Томас Аткинсон аялдаған Қапал өңіріне баруды көздеп отыр.

Жас Алаш