Weekend
Асфальт арман
Сырдария өзенінің сонау төменгі ағысында Жаңақұрылыс дейтін шағын ауыл бар. Арал ауданына қарасты. Халық саны 1 мыңнан асады. Алағай да бұлағай уақытта сыр бермей, сыналған жұрт, тоқырау жылдары да тегеурінділік танытты. Ел іргесі сетінеген жоқ. Халық теңізден нәпақасын тапты. Әлі күнге дейін теңіз-анамен тірлігін түзетіп, жан бағып отыр. Бірақ...
Ертеректе бұл ауыл Арал ауданына қоңсы қонған Қазалыға қарасты болған. Елді мекенге дейін 1986 жылы тасжол төселген екен. Одан кейін «асфальт» дегеніңіз ауыл тұрғындарының арманына айналған. Жаңақұрылыс ауылы Қазалыға жақын болған соң күнделікті азық-түлігін осы жақтан тасымалдайды. «Бекарыстан би-Жаңақұрылыс» бағытындағы небәрі 33 шақырым жол ел жүйкесін әбден жұқартқан. Ел ақсалдары бұл мәселені айтып, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. 33 шақырым жолды жеңіл көлікпен кем дегенде 3-4 сағат жүріп өтесіз. Ал ауылға қатынайтын автобус жүргізушісі екі күннің бірінде бұзылып, қарашаның қаламен қатынасы қиындайтын көрінеді. Міне, осындай ит-тірлікпен зымырап отыз жыл да өте шығыпты.
Талай қиындықты артта қалдырған қауымның тілегі ақыры қабыл болды. Жақында «Жаңақұрылыс-Бекарастан би» бағытындағы 22 шақырым жолдың (Арал ауданына қарасты) құрылысы басталыпты. Жергілікті атқамінерлер тиісті жұмыстарды белгіленген мерзімде тамамдалады деп уәде беріп отыр.