Саясат
Заңға қайшы
Google мен Mozilla Firefox браузерлерінің жасаушылары Қазақстан билігі жасаған қауіпсіздік сертификатының жұмысын бұғаттап тастамақ. VICE басылымы хабарлағандай, компаниялар қолданушыларды бақылаудың қандай да тәсіліне қарсы.
Браузер жасаушыларының айтуынша, сертификат 18 миллион қазақстандықтың жеке мәліметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік бермек.
- Біз қандай да болсын мекемеге Chrome қолданушыларының жеке деректеріне қол жеткізуіне жол бермейміз. Ол мейлі мемлекеттік немесе коммерциялық құрылым болсын. Біз бұл сертификатқа қарсы қорғаныс шарасын жасаймыз, - дейді Google-дың бас техникалық директоры Париса Табриз.
Mozilla Firefox та қауіпсіздік әрдайым қамтамасыз етілуі тиіс деп мәлімдеді.
Еске салайық, 18 шілдеде Қазақстанның мобильді операторлары қазақстандықтарға арнайы қауіпсіздік сертификатын орнату туралы хабарлама таратты. Оны орнатудан бас тартқан жағдайда байланыс сапасы нашарлайтынын ескертіп, билік кибершабуылдардың алдын алу сыңайлы себеп айтты.
Бұдан кейін қазақстандық заңгерлер елдегі ірі үш мобильді операторға бірнеше арыз жіберді. Себебі интернет қолжетімдікті шектеу – заңға қайшы әрекет.
7 тамызда Қазақстанның Қауіпсіздік комитеті сертификат жұмысының тоқтағанын мәлімдеп, бұған дейінгі шараны бета-тест деп ақтап алғандай болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тексеріс өзінің жеке тапсырмасымен болғанын мәлім етті.