Weekend
Джерард Батлер президенттің оққағары рөліне қайта оралды
Джерард Батлер президентті үшінші рет құтқармақшы, Кейси Аффлек режиссерлік жұмысын ұсынады, топан сумен бірге келген қанішер аллигаторлар және басқа да қызықтар прокатқа шықты.
«Періштенің күйреуі» («Падение ангела» / «Angel Has Fallen») [18+]: әлемді құтқарумен айналысатынАҚШ президентінің оққағары туралы кезекті боевик. Бұл франшизаның осыған дейін екі бөлімі шықты. Басты рөлдерде - Джерард Батлер мен Морган Фриман.
Сюжет бойынша АҚШ президентіне шабуыл жасалады. Бұл қылмысты жасады деп мемлекет басшысының қорғаушысы Майк Бэннинг айыпталады. Ол қашқынға айналады. Тез арада нағыз кінәліні таппаса, елге қауіп төнбекші.
«Өмірімнің жарығы» («Свет моей жизни» / «Light of My Life») [18+]: «Оскар» иегері Кейси Аффлектің режиссер, актер, сценарийші және продюсер ретіндегі жұмысы. Әлемдік премьерасы биыл Берлин кинофестивалінде өтті.
Фильм оқиғасы постапокалипсис әлемде өрбиді.Адамзат белгісіз вирустан кейін қырылады. Осыдан кейін жер бетінде әйелдер саны күрт азайып кетеді. 12 жасар қызы бар ер адам, қызын қауіп-қатерден сақтау үшін орманда жасырынып тіршілік етуге мәжбүр болады.
«Жорғалау» («Капкан» /«Crawl»)[18+]: Аллигаторлардың шабуылы туралы америкалық триллер. Режиссері – хоррор картиналарымен белгілі Александр Ажа.
Фильмде Флоридаға қатты дауыл келіп, Хейли әкесін табу үшін эвакуациядан бас тартады. Қыз әкесін ауыр хәлде жертөледен табады. Олар су ортасында қалады. Бірақ бұдан да басқа қауіп пайда болады.
«UglyDolls. Куклы с характером»[6+]: - Қытай, Канада мен АҚШ қатысқан халықаралық дәрежедегі анимациялық картина.
Музыкалық мультфильмде Агливилль деген таңғажайып әлемнің тұрғындары туралы баяндалады. Бұл жерде жұмсақ қуыршақтар тұрады. Мокси есімді кейіпкер достарымен бірге қызық пен қатерге толы үлкен саяхатқа аттанады.
Сонымен қатар кинотеатрлардан «Эбигейл», «Бык» деген ресейлік кинофильмдерді көре аласыздар.