Weekend

Кішкентай Тоғжан

Әңгіме (Өмірде болған)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

"Мама менің әкем кім?" деген сұрақтан Қарлығаш қапелінде ауызына сөз түспей, не дерін білмей қалды. Үш жасқа енді толған Тоғжаннан мұндай сұрақ күтпеген еді.

- Қызым әкем кім дегенің не?..

 Шындықты айтуға жүрегі шыдамай, амалсыздан ойын бөліп:

 - «Маша и Медведь» мульсериалының жаңа нұсқасы шығыпты көре ғойшы қызым – деп сасқаннан қолында смартфонын Тоғжанға ұстата қойды.

Смартфонына қарап отырған қызына қарап, қалың ойға батты. Көзі мұңға толды. Өткенді ойлаған сайын жүрегі қарс айырыла жаздайды. Шынымен "Тоғжанымның әкесін өзіне өскенде айтармын" деп өзін жұбатқанымен жаны жай табатын емес. Тоғжанның әкесі Маратпен отасқаннан кейін бір жылға толмай ажырасып кетті. Айрандай ұйып отырған отбасының бұзылуы кішігірім ғана күйеуінің әлеуметтік желісіндегі суретінің астына бір жас қыздың пікір жазғанына бола Қарлығаш бұлқан-талқан болып, екі күн ұрсысып, түбінде ажырасып кеткен еді. Содан көп ұзамай алты айдан кейін жасы өзінен бір жас үлкен Темірбайды жолықтырған. Өзі мұғалім. Білімді. Бірақ ол да бұл секілді ажырасқан. Екі айға жуық сөйлесіп, кездесіп жүрді. Қарлығаш «мен жалғыздыққа шыдармын-ау, бірақ Тоғжаным әкесіз өспесінші» деген оймен Темірбаймен шаңырақ көтерді.  Бақыттың самалы есіп, үйлеріне шаттық кіріп, Қарлығаш пен Тоғжанның езуіне күлкі үйіріліп, бақытты отбасы болды. Темірбай жұмысқа кеткенде, қызын қарап Қарлығаш үйде қалады. «Маркке рахмет! Инстаграмды шығармағанда не істеп, уақыт өткізерімді Құдай білсін» деп қолына телефонын ұстап, желіне ақтаруға кірісті. Өзі қатарлы әйелдердің парақшасын көріп, тамсанып, қызғанышпен қараумен болды. Күйеуі жұмысқа кеткен күндері күнде смартфоннан өзгелердің байлығы жайлы көріп, өзінің өміріне, қазіргі күніне көңілі толмайтынды шығарды. Кешке дастархан басында

- Тембеке осы сіз тағы екінші жұмыс істесеңіз қайтеді? - деп ұсыныс тастады.

Темірбай аңтарыла әйелінің ауызына қарап:

- Екінші жұмысқа менде уақытым да, шамам да жоқ, - деп қысқа қайырды.

Бұл сөзге ашуланған Қарлығаш:

- Елдің байлары автокөлік мініп, әйелдерімен шалқып өмір сүреді. Ал біз қашанғы осылай бір жалақыны қанағат тұтып жүреміз? Біз де шалқып өмір сүрейік та...

Темірбай қой ауызынан шөп алмас момын жігіт болғандықтан ауыр бір күрсініп, «барға қанағат етпесек барымыздан айырыламыз, тағы да сол әлеуметтік желідегі қатындарды көріп, қызыға бастадың ба? Кірмеші сол желіге..." деп орнынан ауыр көтеріліп, балконға шығып темекісін тұтатты.

Екі күннің бірінде баю, байлық жайлы айта бергеннен Темірбай да мезі болды. Шаршағаннан «онда бар да сондай бай еркек тауып ал» дей салды. Қарлығаш та осы сөзді күткендей бұлқынып:

- Сен сөйтіп бір жалақыға күн көріп жүре бер, ал мен сондай бай еркекке тием, - деп заттарын жинап кетіп қалды.

Үш күннен кейін қайта үйіне барса, бекітулі. Сонда барып қана білді күйеуінің басқа қалаға кетіп қалғанын.

Екеуі отасқандарына бір жыл енді болған уақытта, қайта ажырасып кетті. Тоғжанның бұл уақытта тілі шыға бастаған. Кішкентай бүлдіршіннің тәтті қылығына тоймай жүріп, жалғызбасты Қарлығаш бір жылды артқа тастады. Құрбысы Әлияның мақтап жүрген бір дос жігітімен таныстырған. Ол Қарлығаштан жеті жас айырмашылығы бар еді. Көп ұзамай сол жігітпен отбасын құрды. 

Қазір бақытты  отбасы. Бірақ Тоғжаннын жанарында жасырынулы мұң бар еді. Іштей өз әкесін іздейді. Бала жүрек туған әке-шешесін жақсы біледі, іздейді...

Алғабек Хамитұлы

журналист