Саясат
Отандық жас әншінің қандай жаңалығы бар?
«Алда көптеген шығармашылық жоспарларымыз бар. Оның бәрі әзірге құпия. Дәл қазіргі уақытта біз бар күшімізді «Junior Eurovision 2019» байқауына салып жатырмыз, вокал жағынан дайындықты күшейтудеміз. Байқауда айтатын әнді күтіп отырмыз, одан соң оған клип түсіру жұмысы басталады. Жақын уақыттағы жоспарға келсек, Ержан жақында, нақты айтқанда 30 тамызда Сочиде өтетін «Super Дети» деп аталатын халықаралық фестивальдің басты қонағы болады», -деді әншінің анасы Гүлмира Әлібек елордада өткен «Nur Sultan Music Awards» халықаралық музыка фестивалінде БАҚ өкілдеріне сұхбат беру барысында.
Өз кезегінде жас әнші елорда төрінде өткен халықаралық фестивальдан алған әсерімен бөлісе келе, қандай өнер жұлдыздарымен дуэт айтқысы келетінін айтты.
«Бүгінгі фестивальға қатысқаныма қуаныштымын. Өте жоғары деңгейде өтуде. Мұндай шаралар менің сахнадағы тәжірибемді одан әрі шыңдай түседі. Әр әншінің дуэт айтқысы келетін өз кумирлері болады. Менің арманым Димаш Құдайберген ағаммен, сондай-ақ Селин Дион, Лара Фабиан секілді әлемдік деңгейдегі әншілермен сахнада бірге ән салғым келеді», - деді Ержан Максим.