Саясат
Назарбаевтың сөзі қоғамда қызу талқыланып жатыр
Биліктегі "Нұр-Отан" партиясының жетекшісі, Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев тамыздың 21-і күні Нұр-Сұлтанда өткен партияның саяси кеңесінің жиынында биліктен көмек сұраған отбасыларды, оралмандарды сөкті.
- Мемлекет саяси тұрақтылық пен қоғамдағы келісім арқылы дамиды. Дағдарыс кезеңінде жүйені шайқалтпай, қайта нығайту керек. Ол үшін бізге қоғамды дамытатын, жұрттың айтқанына құлақ түретін мықты көшбасшылар мен мықты партия керек... Біреулер келіп, біреулер кетіп жатса не болатынын айналамыздан, постсоветтік кеңістіктен көріп отырмыз, - деді ол.
Назарбаев нақты қай елдерді меңзегені белгісіз. Ол "Қазақстан сияқты жас елге америкалық қалпақты киюге келмейді" деп тағы Батыс пен Қазақстан демократиясын салыстырды.
- Кейбіреулер айғайлап айтып жүрген Еуропадағы демократияға келу үшін уақыт керек. Алдымен – экономика, - деді ол.
Назарбаев "Нұр Отан" жиынында биліктен көмек сұрап жүрген көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларды мінеді.
- ...Қазір сол отыз жыл бұрынғы ұранды көтеріп, "маған бер, менің балам көп, айлығым аз" дейді. Сен не ойладың? Бұл – сенің мәселең ғой, сен бұрын мемлекетпен ақылдаспадың ғой, - деді ол.
- Микрокредит ал да екі сиыр сатып ал. Өзіңді асыра, - деген кеңес те берді экс-президент.
Назарбаев биыл сайлау алдында, керісінше бірнеше рет көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету жайлы айтқан. Ол президент болып тұрғанда, яғни ақпанда үкіметті "тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсетпеді" деп таратып жіберген. Кейін наурызда өзі жаңадан тағайындаған үкімет мүшелерін қабылдағанда Назарбаев "мемлекет көмекке мұқтаж отбасыларға әрқашан көмек көрсетеді. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар қашанда мемлекеттің қолдауын сезінуі тиіс" деп мәлімдеген.
Тамыздың 21-і күнгі "Нұр Отан" жиынында Назарбаев "мемлекеттен көмек сұрайтын" оралмандарды да сынап, үкіметке шетелден келетін қазақтарға түсіндіру жұмысын жүргізу керегін айтты.
- 1 миллион [шетел қазағын] шақырдық. Бұлай бірде-бір ел жасамады. Оларға балаларың үйленсін, өссін десек, [оралмандар] маған бер деп ақша сұрайды. Жұмыс істеңдер! Жұмыс істемесе ештеңе болмайды, - деді ол.