Саясат

Павлодар облысында 40-қа жуық инновациялық жоба жүзеге асырылуда

Ауылдарға ғаламтор тартылып, цифрлық жүйеде жұмыс жасайтын нысандар ашыла бастады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР Цифрлы даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. Cапар барысында өңірдің цифрландыру жұмыстарымен танысты.

Министр аймақтағы талшықтық-оптикалық байланыс желісіне қосылған ауылдарға барып, цифрлық жүйеде жұмыс жасайтын нысандарды аралады.

Бүгінгі таңда өңірлік кәсіпорындар «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бірқатар жобаны жүзеге асыруда. Өткен жылдан бері 1,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба қолға алынған. Сондай-ақ инновациялық технологиялар негізінде 40-қа жуық жоба жүзеге асып жатыр.

- Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының алғашқы кезеңі жүріп жатыр. Облыс орталықтарында, шағын қалаларда интернет қызметі үздіксіз қызмет етіп келеді. Ендігі мәселе – сапалы интернетті шалғай ауылдарға жеткізу, - дейді Асқар Жұмағалиев.

Аймақ басшысы Болат Бақауовтың айтуынша, облыстың цифрландыру тұрғысынан көшбасшы аймаққа айналуына толық мүмкіндік бар. 2022 жылға қарай облыстағы мемлекеттік қызметтердің 85 пайызы электронды форматқа ауыстырылады деп жоспарланған.


Сондай-ақ, өңірде «Экономика салаларын технологиялық жаңарту және цифрландыру» бағыты бойынша «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Майқайың алтын» АҚ, «Каустик» АҚ, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Богатырь Көмір» ЖШС кәсіпорындары цифрлы жоба негізінде жұмыс жасайды. Сондай-ақ, бұл экономикалық тиімділікке және өндіріс жұмысын оңтайлы етуге жол ашады.  

Сонымен бірге Асқар Жұмағалиев облыс орталығында жақында ғана өз жұмысын бастаған «Көші-қон қызметі» мен «Халыққа қызмет көрсету орталығына барды.

Қазіргі таңда «Көші-қон қызыметі» орталығы шетелдік жұмысшыларға «Бір терезе» қағидаты негізінде қызмет ұсынады. Ал, «Халыққа қызмет көрсету орталығы» жұмысымен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева таныстырды. Жалпы айтқанда фронт-офис күніне 1200-ге жуық қызмет көрсетеді. Қызметтің басым бөлігін тұрғындар электрондық форматта алады.