Экономика
«ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы көлік шығындарын азайтудың шешімін тапты
2018 жылдың сәуір айынан бастап «Ембімұнайгаз» АҚ «Мұнай компаниясында нақты уақыт режимінде арнайы техниканы тиімді пайдалану» жобасын іске асырып жатыр.
Бүгінгі таңда компания Атырау облысына қарасты төрт ауданда бір-бірінен 500 шақырым радиуста орналасқан 33 кен орнын игеруде. Сонымен бірге кен орындарына жабдықтарды жеткізу, ұңғымаларды жөндеу, көлік жұмысшылары және басқа да көптеген өндірістік процестерді қамтамасыз ету үшін 700-ге жуық автокөлік пен арнайы техниканы пайдаланады. Осы кезге дейін көліктер қозғалысын есептеу және жоспарлау арнайы журналдарға жазу арқылы қағаз жүзінде жүргізілді. Бұған дейін бұл жазбаларды өңдеуге, жол құжаттарын, жанар-жағармай материалдарын шығаруға және толтыруға көп уақытты қажет ететін.
Қазір көліктік қызмет көрсету шығындарын азайту, процестердің ашықтығын арттыру, техникалық қызмет көрсету тиімділігін ұлғайту және жалпы «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобына заманауи басқару құралдарын енгізу мақсатында жаңа жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылданды.
Жобаның мақсаты – заманауи IT-технологияларды қолдана отырып, біртұтас басқару жүйесін енгізу. Жоба іске қосылғалы, яғни 2019 жылдың 7 айында дизельді тұтыну 12%-ға немесе 141 млн теңгеге азайып, арнайы техниканы күту уақыты 80%-ға қысқарған, ал автопарктерді пайдалану деңгейі 58% -дан 64%-ға дейін өскен.
- Бүгінгі таңда компанияның алты бөлімшесінде бұрын қолданылған IT жүйелермен интеграциялау жүргізілді. Жобаны іске асыру нәтижесінде автопаркті пайдалану тиімділігі артып, IT шешімдерге негізделген біртұтас ақпараттық орта құрылды. Атап айтқанда, басқару, бақылау және есепке алу процестерінің ашықтығын қамтамасыз ету, реттеуші және басшылық есептерді шығаруға уақытты қысқарту, ақпараттардың сенімділігін арттыру және адами фактор әсерінің азаюы сынды біршама мәселелерді шешуге мүмкіндік берді, - дейді «Ембімұнайгаз» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетова.
Айта кету керек, бұл «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобында IT-шешімдер арқылы өндірістік процестерді оңтайландыруға арналған алғашқы жоба емес. Қазіргі уақытта компания қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында басқа жобалармен, соның ішінде цифрлық трансформациялау бағдарламасының бағыты бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде.