Саясат
Халық өнерін өркендету керек
Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары «Хабар» агенттігінің «Жеті күн» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Бұл сұхбатта Бауыржан Байбек мырза біраз мәселелерге тоқталды. Оның ішінде, билеуші партия ретінде «Nur Otan» партиясының елмен ашық жұмыс жасауы күшейтілетініне, әділ талқылауға мән беретініне баса назар аударды.
Одан бөлек, Бауыржан Байбек айтыс өнері, төл мәдениетімізді дәріптеу сияқты маңызды салаларға ерекше тоқталып, бұл бағытта партия ауқымды жұмыстар жүргізетінін айтты.
- Елбасы тәуелсіздік алғалы бері айтысты қолдап келе жатыр. Айтыс біздің салт-дәстүріміздің ажырамас бір бөлігі. Ол да праймериз сияқты. Себебі ол жерде ашық сын айтылып, елдің сөзін сөйлеген ең мықты ақын жеңіске жетеді. Партияда праймериздер солай өтуі керек. Өйткені партия нағыз демократиялық институт. Сондықтан ішкі партиялық демократия қалыптасып, түрлі пікірлер айтылуы тиіс. Сол себепті партия алдағы уақытта барлық мәселені ашық талқылайтын болады, – деген Бауыржан Байбек «Nur Otan»-ның халықтық партия екенін, сондықтан халықтың сөзін сөйлеп, мұңын мұңдап, азаматтардың не нәрсеге мұқтаж екенін білу, елдің арасында жүріп, етене жұмыс істеу партиялықтардың басты міндеті екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол айтыскер болу үшін талант пен дарыннан бөлек жан-жақты білім де керек екеніне тоқталды.
- Айтыскер болу үшін талант керек. Сонымен бірге білім мен мәдениет те қажет. Сондықтан партия айтыс өнерінің дамуы үшін айтыскерлермен жұмысқа да баса мән береді, – деді Бауыржан Байбек.
Әңгіме барысында ұлттық рух мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Бұл жөнінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары ұлттық рухы осал халықтың ешқандай биікке көтеріле алмайтынын айтты.
- Елбасымыз үнемі осы мәселеге баса мән беріп, барлық жағдайды жасап келеді. Тұңғыш Президентіміз бұл істе көбіне Жапонияның тәжірибесін мысалға келтіріп отырады. Кезінде алашордалықтар да салт-дәстүр мен жаңа технологияны ұштастырып, екі жақтың озық тұстарын қатар алып жүру керектігін айтқан еді. Сол себепті біз өзіміздің жақсы, заман талабына сай ұлттық құндылықтарымызды сақтап, қорғап, оларды болашақтың талаптарымен үйлестіре дамытуымыз керек. Ал кемшің тұстарымыздан бас тартудан қорықпауымыз қажет, – деді Бауыржан Байбек.