Bugin

Арыста көпқабатты үйден құлап кеткен бала жансақтауда жатыр

Құрылысшылар үйдің терезесіне әйнек қоймай кеткен

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түркістан облысы Арыс қаласында жарылыстан зақымданған көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатынан құлаған екі жасар Нұрбақыт Жолдасбек Шымкенттегі облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Баланың басына қатты зақым келген. Мұны баланың анасы Нұржанат Ақбалаева хабарлап отыр.

Оның айтуынша, 24 тамыз күні Нұрбақыт ойнап жүріп үйдің екінші қабатындағы терезеден құлап түскен.

- Құрылысшылардың терезе әйнегін алып кеткеніне бір апта болды. "Көшіңдер" деген соң үйге келіп едік. Бір аптадан асты әйнек салмады. Ойнап жүрген балам терезеден басымен жерге құлады. Басы жарылып, қан ұйып қалған. Кешеден бері жан сақтау бөлімінде жатыр, - деді анасы.

Облыстық балалар ауруханасының реаниматолог дәрігері Толқынай Маханова Нұрбақыт Жолдасбектің жағдайы ауыр екенін растады. Маманның сөзінше, сенбі күні кешке жансақтау бөліміне түскен баланың миына зақым келген.

2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы әскери оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, жергілікті ондаған мың тұрғын мекен жайын тастап қашуға мәжбүр болған. Олардың көбі қаладан өз күшімен шыққан. Жарылыстан төрт адам мерт болған. Олардың бірі - 8 жасар Аян Ерболұлы 2 тамызда Нұр-Сұлтандағы ауруханада көз жұмды. Арыстағы жарылыстан қашып бара жатқан оны көлік қаққан.

Азаттық Радиосы