Спорт
Стадион нашар, футболшылар соның кесірінен жеңілді
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com
Күні кеше қызылордалық «Қайсар» өз алаңында «Жетісуды» қабылдады. Жақында ғана күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген Ғ.Мұратбаев атындағы стадионға жиналған жанкүйерлердің қарасы қалың болды.
Жергілікті клубтың жанкүйерлері ойын басталғаннан-ақ «қасқырларға» қолдауын аяған жоқ. Дегенмен, «Қайсар» қарсыласқа қарсы қауқар таныта алмады.
Ойынның алғашқы бөлігінде ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған жетісулық ойыншы Н.Адамович гол соғып, командасын алға шығарды. Ал 80-ші минутта қонақтар сапында М.Куклис есепті еселей түсті. Сөйтіп, Д.Огай баптайтын жетісулықтар 3 ұпайды қанжығасына байлады.
Ал жанкүйерлердің «Қайсар» ойыншыларына өкпесі қара қазандай. Өйткені жаңа стадионды бірде-бір рет жеңіске жеткен емес. Тіпті, жанкүйерлер «Басшылар құрылысшылардың айлығын бермей қинаған ба? Мына стадионды жұмысшылар жылап салған-ау? Көптің көз жасы жібермей жатыр ғой. «Қайсар» қашан жеңіске жетеді?» деген әзіл-шыны аралас айқайды да естідік.
Айтпақшы, УЕФА-ның сарапшысы Лундстром Питер Паул Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионы УЕФА-ның талабына сәйкес екінші категорияға лайықты, стадион Еуропалық стандартқа сәйкес, кез келген матчты қабылдауға дайын екендігін мәлімдеген еді.