Саясат
Ол сау адамдарды еңбек етуге шақырды
Екі сиыр төңірегіндегі әңгіме Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысынан кейін туындаған еді. Сол жолы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетке алақан жаятындарды сынаған болатын. Елбасы көмек сұрай беретіндерге "екі сиыр сатып ал да, өзіңді асыра" деп кеңес берді.
Бүгін астанада "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығының ашылуында журналистер Бердібек Сапарбаевтан осыған қатысты пікірін сұрады.
"Еңбек етсеңіз, күн көруге болады. Бәріміз де, негізінен, ауылдан шықтық қой. Бір сиырмен де, екі сиырмен де күн көруге болады. Бірақ ол үшін сиырға да жағдай жасау керек", - деді вице-премьер.
Ол әңгіме екі сиыр да емес, халықтың жұмыс істеуінде екенін айтты.
"Ешкім ешкімге жем-шөпті әкеп бермейді. Құдайға шүкір, біздің жеріміз де, шөбіміз де, суымыз да жеткілікті. Тек әрекет жасау керек. Ол сиырға жем-суын дер кезінде берсең, ең кем дегенде 7-8 литр сүт береді. Сол сүттің 2-3 литрі өзіңнің қажетіңе кетсе, қалғанынан май да, құрт та, қатық та, қаймақ та шығады. Әңгіме екі сиырда емес. Әңгіме халықтың жұмыс істеуінде. Өйтпесек болмайды, ағайындар!", - деді Сапарбаев.
Осы орайда үкімет басшысының орынбасары он екі мүшесі сау адамдарды жұмыс істеуге шақырды.
"Әсіресе балаларымызды еңбекке баулуымыз керек. Әсіресе, ауыл балаларын", - деді ол.
"Жанұя" орталығы қандай көмек көрсетеді
Айта кетсек, бүгін Нұр-Сұлтанда "Жанұя" отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Салтанатты жиынға премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мен қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
"Жанұя" орталығында отбасыларға заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Орталықта 12 мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор жұмыс істейді. Олар 70-тен астам қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алу, кәсіптік оқудан өту, жұмысқа орналастыру, жаппай оқыту бағдарламасына қатысу, балабақшаға кезекке тұру, қамқоршылық орнату, жәрдемақы алу және тағы басқа мәселелер бойынша.
Сондай-ақ, мекемеде аналарға арналған "Кәсіпкер ана" атты орталығы да ашылған.
Бұдан бөлек, орталықта қала әкімінің ашық қоғамдық қабылдауы жұмыс істейді. Аудан әкімдері, басқармалар мен басқа да ұйымдардың басшылары да бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды қабылдайды.
Орталық дүйсенбі мен жұма аралығында, сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.