Саясат

Жамбыл облысында күн электр станциясы салынып жатыр

Нысан жұмыстарының 45%-ы аяқталып үлгерген

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мердігер француздық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының еліміздегі өкілі және «M-Kat Green» ЖШС-ның бас директоры Илья Чернодаровтың айтуынша, онда барлығы 350-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал станция келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында толық іске қосылмақ.

«Нысан аумағы қоршалып, тегістеу жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Қазір күн панельдеріне арналған тіреуіштерді орнатып жатырмыз. Панельдер 25 жылға дейін жұмыс істейді. Станцияны мұнда орналастыруымыздың екі себебі бар: алғашқысы – өңір күн сәулесі белсенділігі жоғары аймақ қатарына жатады, екінші – мұнда  «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының орналасқан. Әлбетте, 500 гектардан астам аумақты алып жатқан АЭА іске қосылған кезде электр қуатына деген сұраныс жоғарылайды. Сондықтан бұл жоба біз үшін де, экономикалық аймақ үшін де тиімді», – дейді бас директор.

Аталған инвестициялық жобаның құны 60 млрд 737 млн теңгені құрайды екен. Ал құрылыстың бас мердігері – «METKA-EGN.KZ» ЖШС. «Біздің серіктестік бүгінде 500 гектар аумаққа күн электр станциясының құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстар толық аяқталған кезде облыстағы электр қуатына деген тапшылық толық жойылмаса да, едәуір азаяды. Халықаралық жобаны жүзеге асыруда Франция, Грекия және Бразилия елдері мамандарының да тәжірибелері пайдаланылуда» – дейді серіктестіктің техника қауіпсіздігі бөлімінің басшысы Еділ Есенқұлов.

Мамандардың айтуынша, нысан құрылысының негізгі кезеңінде 500-ге тарта жергілікті азамат жұмысқа тартылмақ. Болашақта станцияда тұрақты жұмыспен қамтылатын 10 адам да жергілікті тұрғындардан болады. Оларды инвесторлар қаржысы есебінен арнайы оқытып, біліктіліктерін жетілдіру де көзделген.

«ШУ-100 МВт» күн электр станциясы қуат өндіруде қоршаған ортаға зиянды заттар шығармайды. Сондай-ақ өндірілген қуат «KEGOK» акционерлік қоғамына өткерілетін болады.  Бұл алдағы уақытта аймақтағы қуат бағасының едәуір арзандауына да өз септігін тигізбек.

Франциялық «Total Eren» мұнай-газ компаниясының құрылыс менеджері Джордж Диаб станция аумағында  қуаттылығы өте жоғары 300 мыңға жуық монокристаллды панельдер орнатылатынын айтады.

Жамбыл облысы әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде бүгінде күннен, желден және судан энергия өндіретін 168,7 мегаваттық 10 станция бар. Ал тұтастай алғанда облыс орталығындағы тұрғындар сағатына 50-60, ал аудандағылар шамамен 90 мегаватт электр қуатын тұтынатын көрінеді.

inbusiness.kz