Саясат

Сағадиевтен кеткен бір қателікті Аймағамбетов қалай түзетуде?

Асхат Аймағамбетов Ерлан Сағадиевтің бір қатесін түзетуде

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Өзін-өзі тану» пәніне енді жеке компания тірек болмайды.  

Айта кету керек, «Жекешелендірудің 2016–2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» ел Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысына орай «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» РМҚК жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ұйымдардың тізбесіне енгізілген болатын.

Бұл орталықтың негізін 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қалағаны мәлім. Содан бері «Бөбек» ҰҒПББСО «Өзін-өзі тану» пәнін Қазақстанның білім беру жүйесінің барлық сатылары үшін ғылыми- әдістемелік тұрғыда жан-жақты қамтамасыз ететін, сонымен қатар оның мектепке дейінгі, негізгі орта, сондай-ақ, техникалық және кәсіби білім беру деңгейлерінде жүзеге асырылуын қадағалап отырған жалғыз ұлттық орталық.

Бұған қоса, «Бөбек» рухани-адамгершілік білім беру аясында гуманитарлық-педагогикалық бағыттағы кадрларды қайта даярлау мен біліктіліктерін арттыру, балалар мен жастардың тұлғалық дамуына әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсету, гуманитарлық бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша, сондай-ақ, Қазақстанның барлық аймақтарындағы аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды сауықтыру бойынша жұмыстар атқарып, қаржы игеріп келеді.

Ерлан Сағадиев Білім және ғылым министрлігін басқарып тұрған тұста, 2016 жылғы 26 желтоқсанда «Бөбек» мемлекеттік кәсіпорын мәртебесінен айырылып, ЖШС болып қайта құрылды.

Бірақ оны жекешелендіру аяғына дейін жеткізілмеген екен.

Қазіргі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Үкімет басшысы атына жазған хатында айтылғандай, ол ЖШС тиісті түрде тіркеуден өтпепті.

«Азаматтық кодекстің 42-бабына сәйкес, заңды тұлға әділет органында тіркеуге жатады және мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап құрылды деп саналады. Сонымен бірге, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» ЖШС әділет органында тіркеуден өтпеуіне байланысты құрылмай қалды. Осыған байланысты «Білім және ғылым министрлігінің «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы» Қазақстан Үкіметінің 2016 жылғы 26 желтоқсандағы №851 қаулысының күшін жою туралы қаулы жобасы қарастырылып отыр», – дейді БҒМ басшысы.

Оның үстіне ел Үкіметінің 2019 жылғы 4 мамырдағы №252 қаулысына сәйкес «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы» ЖШС «Басым тәртіппен жекешелендіруге жататын республикалық меншіктегі ірі ұйымдардың» тізбесінен алынып тасталды.

Осылайша, Үкімет «Бөбектің» мүлік кешенін мемлекеттік меншікте сақтап қалуға ұйғарды. Әйтпесе, сарапшылардың айтуынша, мектептерде, колледждерде және басқасында «Өзін-өзі пәнін» өткізу үшін мемлекетке жеке компанияға бюджеттен қомақты ақы төлеп тұруға тура келмек.

 Сөйтіп, «Бөбек» министрліктің құшағына қайта оралып отыр.

inbusiness.kz