Саясат
Тәуелсіздікке ұмтылған қазақ жастары
1986 жылы 16 желтоқсан. 18 минутқа созылған Қазақстан Орталық Комитетінің бесінші Пленумы. Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев «өз еркімен» қызметінен босатылып, Қазақстан КП Орталық комитетінің бірінші хатшылығына В.Колбиннің «сайлануы». Дәл осы күні халық ашуға булығып, Брежнев алаңындағы қазақ жастарының бейбіт шеруі қанды оқиғаға жалғасты. Себебі, жастарға «Ұлтшыл» деген кінә тағылды. Алаңдағы жастар көтерілісін тоқтату үшін 450 тәртіп сақшысы жіберіледі.
17 желтоқсан күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін көтерілісшілер саны 20 000 адамға жетті. Бірақ көтерілісшілердің қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, “бұзақыларды” күшпен тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің бұйрығы негізінде дайындалған “Құйын — 86” операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды.
18 желтоқсан күні алаңға қайта жиналмақ болған көтерілісшілерге қарсы әскер күші қолданылды. Көтерілісшілердің қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды.
Осы әскери күштер 19 желтоқсан күні қаланың әр тұсында қайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды ержүрек қазақ жастары бар.
Желтоқсанның 19 — 23 аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқан, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты.
"Аллажар", Желтоқсан көтерілісінің бар көрінісін Қаллдыбай Әбеновтың осы фильмінде керемет баяндалады.
Қаллдыбай Әбенов:
"1988-1989 жылы фильмді бастағанда «маған ешкім кедергі жасамағанда, әлі де болса көптеген ақиқатты жарыққа шығарар ма едім?» деп ойлаймын кейде. Алаңда, алаңнан тыс жерлерде 2000-нан астам шейіт болған жастарымыздың денелерін толық еркіндігіміз болғанда, бәлкім, біз табар ма едік. Ақиқаттың көбі оқиғадан кейін-ақ жойылды. Мен фильмді Желтоқсан оқиғасына қатысқан, түрменің азабын шегіп келген уыздай жастарымыздың айтқан әңгімелері, бойынша түсірдім. Қазақтың ұл-қыздарын шырылдата сабап жатқан жерлерін өздерінің айтуларымен жасадым. Толқуды да оқиғаның бел ортасында болған балалардың әңгімесінен алдым.
Жазушы Тоқтар Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітабында намыс үшін бас тіккен ұландар тізімі жарияланған.
«Қазақ ССР-ында 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары кезіндегі қылмыстық істері үшін сотталғандарға қолданылған шаралар» туралы республика прокуратурасының комиссияға берген ақпар-деректері бойынша 99 адамның тізімін кітапқа кіргізудің сәті түсті.
Әуелде олардың аты-жөндерін баспасөз беттерінен тірнектеп теріп жүрдім. Бірақ, қырық шақтысын кездестіріп, жазып алғаныммен көңіл толмады, тізім толық болмайтын сияқты.
Содан комиссия төрағасы М. Шахановқа жолығып, аз-кем әңгімелесіп, сол адамдардың тізімін тауып беруге көмектесуін өтіндім. Сондай-ақ "Желтоқсан" қозғалысының белсенді мүшесі, комиссияға белсене көмектескен, өзі де еш айғақсыз, дәлелсіз айып тағылып түрменің тар қапасында отырып келген А. Нәлібаевпен де жолығып сұхбаттастым. Олардың көмегіне ризалық сезімімді білдіре отырып, жазықсыз жаламен сотталған және түрмеге қамалған қаһармандардың тізімін беруді ойластырдық."
Рахметов Құрманғазы Әденұлы - ҚазМУ-дың студенті, 7 жыл.
Жуандықов Болат Дүйсенұлы - ет комбинатының жұмысшысы, 5 жыл.
Тілегенов Жармұханбет - Алматы театр-көркемөнер институтының студенті, 5 жыл.
Мейірбеков Еркінбек Бөкенбайұлы - СМУ-23-тің электрмен дәнекерлеушісі, 4 жыл.
Расалиев Нұрлыбай Жолдыбайұлы - СМУ-23-тің бетоншысы, 4 жыл.
Декелбаев Ерлан Әбдірашұлы - "Радиотехника" магазин-салонының инженері, 6 жыл.
Қалмұратов Құрбанбай Хайруллаұлы - жұмыссыз, 5 жыл.
Асылбаев Молдағали Молдаханұлы - жұмыссыз, 7 жыл.
Мұзафаров Алик Құндақбайұлы - СМУ-23-тің тас қашаушысы, 4 жыл.
Шыныбаев Нұрман Әлібекұлы - политехникум студенті, 8 жыл.
Ермеков Тоқтар - АГТХИ студенті, 5 жыл.
Отарбаев Кенжебай - СМУ-11-дің пісірушісі, 6 жыл.
Нәлібаев Аманжол - Ішкі істер министрлігінің бұрынғы капитаны, 5 жыл.
Құдайбергенов Расылхан Омарұлы - Кинотехникум студенті, 5 жыл.
Бисембаев Ерлан Бермаханұлы - Алматы зоовет институтының студенті, 8 жыл.
Байболов Дүйсенбек - байланыс техникумының студенті, 5 жыл.
Исабеков Сәбит Қалдықазыұлы - СМУ-30-дың бетоншысы, 4 жыл.
Аймаханов Құттыбек Әуелбекұлы - СМУ-11-дің бетоншысы, 5 жыл.
Молдыбаев Әділ Әбдетұлы - УПТК-ның бетоншысы, 5 жыл.
Рамазанов Амандық Сәбитұлы - Киров атындағы заводтың жұмысшысы, 5 жыл.
Есбосынов Аманжол Әсетұлы - СМУ-39-дың балташысы, 3,5 жыл.
Рузиев Абайдулла Абдуллаұлы - Киров заводының жұмысшысы, 5 жыл.
Байсымбеков Ерлан Мамырханұлы - ауылшаруашылығы институтының студенті, 5 жыл.
Таубаев Бақытқали Артыпбайұлы - РСУ-дың балташысы, 4 жыл.
Егізеков Арыстан Назымбекұлы - Алматы үй құрылысы комбинаты №5 цехының жұмысшысы, 4 жыл.
Рамазанов Аскар Райымбетұлы - жұмыссыз, 5 жыл.
Шабаров Алтай Қонысбайұлы - Алматы үй құрылысы комбинатының жұмысшысы, 3 жыл.
Есімбаев Қадыр Сейітханұлы - АДК-нің жұмысшысы, 3 жыл.
Иманбаев Ермек Қоштайұлы - Талғардағы №4 СПТУ оқушысы, 3 жыл.
Әбілқайыров Қасым Бердіқожаұлы - Алматы сәулет-құрылыс институтының студенті, 5 жыл.
Мәлібеков Ержан Әбдірахманұлы - №1 автопарк слесары, 5 жыл.
Байғандиев Тілек - №1 автопарк жүргізушісі, 6 жыл.
Дәулетов Жеңіс Садықұлы - АГТХИ студенті, 4 жыл.
Есжанов Тыпышбек Қарлыбайұлы - СХИ студенті, 5 жыл.
Есіркепов Уызбек Шәкірұлы - СХИ студенті, 5 жыл.
Оразбаев Думан Пышанұлы - СХИ студенті, 3 жыл.
Рахметов Қайрат Рахатұлы - ААСИ студенті, 4 жыл.
Әуезов Жәлел Әуезұлы - АЗВИ студенті, 5 жыл.
Әбдіреев Еламан Кеңесұлы - құрылыс техникумының студенті, 4 жыл.
Арымбеков Жанас Қуатбекұлы - "Поршень" заводының токарі, 5 жыл.
Қамбаров Қалдыбек Бахытбайұлы - АЗВИ студенті, 5 жыл.
Бекбосынов Асқарбай - құрылыс техникумының студенті, 2 жыл.
Әбдіқұлов Мырзағали - Шамалған АТП курсының оқушысы, өлім жазасы.
Жұмажанов Ерікжан Досанұлы - СХИ студенті, 3 жыл.
Қайранбеков Бауыржан Оқташұлы - ААСИ студенті, 3,5 жыл.
Мүлікбаев Өткірхан Қошқарұлы - жұмыссыз, 3,5 жыл.
Қуандықов Ермұхамед Әбдікерімұлы - ҚазМУ
студенті, 5 жыл.
Әбдіқадыров Берікбол Нүсіпұлы - жұмыссыз, 2 жыл.
Қожахметов Хасен Кәріпжанұлы - Қазақ телевидениесінің редакторы, 4 жыл
Қарабаев Шора Халықұлы - ҚазМУ проректорының көмекшісі, 6 жыл.
Түкенов Қанат Жеңісұлы - АЗВИ студенті, 3 жыл.
Ысмағұлов Орал Әлменұлы - ҚазМУ студенті, 3 жыл.
Жолболдин Берікжан Елемесұлы - жұмыссыз, 3 жыл.
Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлы - ААСИ студенті, өлім жазасы.
Тәшенов Түгелбай Тұрманұлы - СМУ-37-нің балташысы, 15 жыл.
Тайжұмаев Жамбылбек - Алматы электротехникум студенті, 14 жыл.
Күзембаев Қайыргелді Қалиақпарұлы - СМУ-40-тың жұмысшысы, 14 жыл.
Қасенов Рүстембек Қадырбекұлы - АДК жұмысшысы, 2 жыл.
Қанетов Аманбай Дүйсенұлы - АГТХИ студенті, 3 жыл.
Айтмұрзаев Құрманғазы - АГТХИ студенті, 4 жыл.
Иманқожаев Бақтыбек Жұмабекұлы - АГТХИ
студенті, 3,5 жыл.
Қасенбаев Мейрамғазы Жайнарұлы - АГТХИ
студенті, 2 жып.
Көпесбаев Ертай Төңірбергенұлы - ААСИ студенті, 4
жыл.
Уақов Әркен Батталұлы - ААСИ доценті, 8 жыл.
Шаймерденов Ерік Тұрлығазыұлы - АЗВИ студенті, 3 жыл.
Шекербеков Мұратбек Жандарбекұлы - №67 шахтаның проходчигі (Жезқазған обл.).
Арынғазиев Болат Төлеғазыұлы - Алға қаласы жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы, 2 жыл 6 ай.
Телеуов Болат Қойшыбайұлы - 2 жыл 6 ай.
Қалбөкенов Берік Құтырбайұлы - Алға қаласы СПТУ-2 дене тәрбиесінің жетекшісі, 2 жыл.
Баянғазин Азамат Мақұлбекұлы - Титан-магний комбинатының (Өскемен) слесарі, 1 жыл.
Ардынқанов Ербол Жарықжанұлы - педучилище студенті (Өскемен), 1 жыл.
Сақатов Тұрсынхан Селыханұлы - тау-кен техникумының студенті (Өскемен), 2 жыл еңбек түзеу жазасы.
Ақтанов Ербол Дәркенұлы - пединститут студенті (Өскемен), 1 жыл 6 ай.
Машанло Рүстем Ибрагимұлы - пединститут студенті (Талдықорған), 2 жыл.
Нүкенов Амангелді Теміршотұлы - ауылшаруашылығы институтының студенті (Целиноград), 3 жыл.
Сонымен 2 азаматқа өлім жазасын беру туралы үкім шығарылған, 72-ін бас бостандығынан айырған, біреуі еңбек түзеу жазасын алған.
Сәбитова Жансая Әлкейқызы - Алматыдағы №19 жұмысшы жастар орта мектебінің оқытушысы, 5 жыл.
Салықова Нағима Аскарқызы - Алматы бас киімдер фабрикасының бухгалтері, 3 жыл.
Еспенбетова Қаншайым Мұхатқызы - "Поршень" зауытының токарі, 3 жыл 6 ай.
Махметова Айткүл Әбдірахманқызы - №1 баспахананың жұмысшысы, 2 жыл.
Әбілқайырова Гүлнар Бердіқожақызы - бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 3 жыл.
Панинова Гүлвира Төлебайқызы - бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Шамаева Галимат Әбенқызы - бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Лепесбаева Гүлнар Сабырғалиқызы - бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Рақымжанова Гүлмира Әкімжанқызы - бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Иманбаева Қайыпхан Сұлтанқызы - "Поршень" зауытының токарі, 3 жыл.
Рамазанова Ғалия Файзуллақызы - тігінші-мотористка, 1 жыл (еңбекпен түзеу жазасы).
Мергенова Бақша - мүгедектігіне байланысты жұмыс істемеген, 3 жыл.
Әлиева Раушан - Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті, 1 жыл.
Еркінбекова Әлия Төреханқызы - Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Досанова Жанат Әбдірахманқызы - Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Мусина Гүлден Қанафияқызы - Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Сәрсенбекова Раиса Мырзабекқызы - бухгалтер-ревизор, 2 жып.
Кәрімғазина Гүлжан Ғазизқызы - кооператив техникумының студенті, 1 жыл.
Серекенова Анар Жемісханқызы - Заң техникумының студенті, 1 жыл 6 ай.
Айтжанова Жанат Нәукенқызы - пединституттың студенті, 1 жыл 6 ай.
Шынықұлова Ләйлә Бекенқызы - пединституттың студенті, 1 жыл еңбекпен түзеу жазасы.
Шоқаева Ғалия Құдысқызы - жатақхана вахтері, 2 жыл.
Мусина Мәншүк Жанатқызы - юристік техникумының студенті, 1 жыл 6 ай қара жұмысқа жіберілген.
Сөйтіп, 20 жас ару бас бостандығынан айрылған, 2-не еңбекпен түзеу жазасы берілген, біреуі қара жұмысқа жіберілген.
Зерделей келгенде нені байқаймыз: 99 адамның екеуіне - Қ. Рысқұлбеков пен М. Әбдіқұловқа өлім жазасы беріліп еді, кейін олардың ісі қайта қаралып 20 жыл бас бостандығынан айырумен алмастырылды, әуелде бір адам - Т. Тәшенов - 15 жылға, екеуі - Ж. Тайжұмаев пен Қ. Күзембаев -14 жылға, екеуі - 8 жылға, үшеуі - 7 жылға, төртеуі - алты жылға, жиырма екі адам 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.