Саясат
Өмірзақ Шөкеев қандай мәселені көтерді?
Мәжіліске «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен саяси кеңестің мүшелері, қоғам өкілдері мен аудандық мәслихат хатшылары, фракция жетекшілері қатысты. Жиында аймақ басшысы жаңғырту бағдарламасына кеңінен тоқталып, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Оның айтуынша, алдымен партияның белсенді мүшелерін айқындап алу қажет.
«Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын белсенділер болуы керек. Екінші, жастар жылына орай, әкімдік, басқарма басшылары, зиялы қауым, белсенділерді тарта отырып «Жас Отан» жастар қанатымен бірге диалогтық алаң құрып, пікір-сайыстар өткізуіміз қажет. Үшінші, сыбайлас жемқорлықпен күресте партиялық бақылау қажет. Төртінші, партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде көмек көрсетуі тиіс»,- деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімінің сөзінше, партияда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріліп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын Қоғамдық бизнес-қабылдау ашылуы қажет. Облыстағы, аудандағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды насихаттауда, өзекті мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдары насихаттауы керек.
«Төртінші билік атанған БАҚ шынайы ақпарат таратып, объективті материал жариялауы тиіс. Елбасы тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ауыл ел - бесігі» жобасы біздің облыста қарқынды жүзеге асуда. Осы халықтық жобаның жүзеге асуын партиялық бақылауға алып, сапалы орындалуын тапсырамын. Сонымен қатар, Түркістанның мәдени-рухани бағыттағы деңгейін арттыруға Партия филиалы «Мирас» қоғамдық кеңесі арқылы барынша атсалысуы керек», - деді партия филиалының төрағасы.
Сондай-ақ, жиында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани саладағы өзекті мәселелерді қамтыған баяндама жасады. Мәжіліс барысында күн тәртібіне сәйкес «NurOtan» партиясы Саяси кеңесінің бірқатар мүшелері де баяндама жасап, қоғамдағы өздерін толғандырған мәселелермен бөлісті. Жиын соңында Саяси кеңес мәжілісінің қаулысы қабылданды.