Саясат
Жердің барлығы сатылып кеткен
Саясаткер, қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан «Нұр Отан» партиясының Саяси бюро отырысында сөйлеген Елбасының сөзіне қатысты пікір білдірді. Саясаткер Exclusive басылымына берген сұхбатында елде мал бағатын жер де, жағдай да жоқ дегенді айтты.
- Бірінші президент халықты мал шаруашылығымен айналысуға шақырып, «екі сиыр алып, бағып, сүтін сатыңдар, мемлекеттен көмек күтпеңдер» деді. Бір жағынан Елбасынікі де дұрыс. Мал шаруашылығы – жақсы кәсіп. Халқымыз да өмір бойы малмен байып, малмен өмір сүрген. Алайда қазіргі жағдай мүлдем басқа. Қазір мал өсіріп, күн көру мүмкін емес. Сиырды өсіру үшін шөп керек, бағатын жер қажет дегендей. Ал бір арба шөптің өзі, кем дегенде, 15 мың теңге тұрады. Ол ақшаны халық қайдан алады? – деп сауал қояды саясаткер.
Кезінде жер комиссиясын құру мәселесімен айналысқан белсенді қазір мемлекетте мүлдем бос жатқан жер жоқ деп мәлімдеді.
- Жеріміз кең байтақ, нағыз малмен айналысуға болады. Алайда ұлтарақтың ұшындай болсын, бос жатқан жер жоқ. Бәрі қолға өтіп кеткен. Сиыр бағатын жер жоқ. Егер баққың келсе, - төле! Үкімет халықтың малмен байығанын, шынымен қаласа, онда латифундистердің қолындағы жер телімдерін алып, елге таратып беруі керек. Ал латифундистер болса, негізінен, «Нұр Отан» партиясынан шыққандар, - дейді Мұхтар Тайжан.