Weekend

Самғау Нәсіпхан: Еңбегімнің қадірін асырған Димаштың тәрбиесі

Кез келген жұрттың жүрегіне жету үшін оның тілінде ән шырқаған жеткіліксіз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Көпшілікке танымал аяқ киім шебері - Самғау Нәсіпхан әлеуметтік желідегі инстаграм парақшасында Халықаралық аренада көпшілікті тәнті етіп жүрген қазақтың баласы - Димаш Құдайбергенмен түскен суретін жариялады. Ең қызығы, Самғау мырза осыған дейін Алаштың алтын дауысына айналған азаматқа арнайы аяқ киім тігіп беріп келген. Бұл жағдай қызығушылық тудырған соң, Самғау мырзамен байланысып, сұхбаттасуды жөн көрдік.


-  Самғау мырза, кеше инстаграм желісіндегі парақшаңызда жариялаған суретіңізге көпшіліктің назары ауды. Себебі Димаштың өнері, өмірі тек Қазақ елінің емес, бүкіл әлем тыңдармандарын қызықтыратыны сөзсіз. Бұл іс қалай болды?

-    Димаш жалпы киімге ерекше мән береді. Әннің тақырыбына, мазмұнына, сазына қарай сахнадағы имиджіне үлкен дайындықпен келеді деп ойлаймын. Кез келген жұрттың жүрегіне жету үшін оның тілінде ән шырқаған жеткіліксіз.

Мұны Димаш және оның командасы өте жақсы меңгерген. Тиянақтылықтан шыққан талғам. Содан шығар, бір күні жанында жүрген жанашыр азаматтар байланысқа шықты. Содан не керек, жақсы түсінісіп кеттік. Жаңағы сурет осы сөзіміздің дәлелі.

-   Яғни сіздің тіккен аяқ киімдеріңіз әншіміздің көңілінен шыққаны ғой?

-   Димаш жай ғана әнші емес. Ол сондай-ақ мен секілді кішкентай адамдардың өнімін әлемдік сахналарға алып шыққан қазақ азаматы. Сол үшін де ризамын. Жүректен шыққан дүние жүрекке жетеді деп жатамыз. Қаншама адамның еңбегі үйлесіп келіп бір адамның үстіне жинақталады. Ол адам да әнді махаббатпен, құрметпен, жүрекпен орындап шығады. Сол сәтте сахнаға телмірген тыңдарман бұрын сезбеген күйді басынан өткереді. Тіпті ол әннің мағынасын түсінбесе де жанын тебірентіп жібереді. Міне, бұл өнердің құдіреті және үлкен еңбектің нәтижесі. Сондықтан да Димаштың әр тапсырысын асқан тиянақтылықпен, ұқыптылықпен, абайлап, асықпай жасаймын.

-   Дұрыс екен. «Әр тапсырысы» деп қалдыңыз. Сонда бұған дейін қанша аяқ киім тігіп бердіңіз?

-     Қытай, Ресей елдерінде, сонымен қатар Лондонда өткен концертінде де Димаш менің қолымнан шыққан аяқ киімдерді киіп шықты.

-     Сонда Димашқа арнап жасаған аяқ киімдеріңіздің ерекшелігі неде? Несімен құнды? Осы мәселеге тоқталып өтіңізші.

-    Құнды ештеңесі де жоқ. Димашқа жасалған аяқ киімдер - Димаштың өзімен ғана құнды. Ал ерекшелігі, әлбетте, бар. Себебі Димашқа арналған аяқ киім басқа адамның аяғына шақ келмейді. Бұл ретте оның табаны мен өкшесінің өлшемдері, башпайларының орналасуы, жалпы алғанда аяқ сүйектерінің ерекшелігіне жіті мән бердім. Онсыз тағы болмайды. Мұнда дизайнерліктен бөлек алтын азаматымыздың саулық мәселесі де бар. Димаш Құдайберген әрі әдемі, әрі сапалы, әрі денсаулығына кері әсер етпейтін аяқ киімді киюге лайық.

-     Ал біздің алтын баламыздың аяқ өлшемі қанша екен?

-     Аяқ өлшемі 42,5.

-     Алдағы уақытта да бірге жұмыс істейсіздер ме? Құпия болмаса айтыңызшы, енді қандай аяқ киім дайындап жатсыз?

-    Димаштың бойындағы қарапайымдылық, ізгілік, шынайылық қасиеттері онымен бірге әрі қарай да жұмыс жасауға жетелеп, шабыт сыйлайды. Бәлкім екі түрлі өнер адамдары, етікші мен әншінің арасын жалғап тұрған алтын көпір де осындай қасиеттердің себебінен шығар деген ойдамын. Бұл ретте Димаштың әке-шешесіне, ата-әжесіне шексіз алғысымды білдіремін. Ең бастысы дені сау, тіл-көзден аман болсын деймін. Қалған дүниенің барлығы Алланың жәрдемімен бола жатар.

-    Самғау мырза, уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін алғысымды білдіремін.