Bugin
Мәжбүрлеп қырғызған жоқ, қырғызбайды да!
Тек кейбір азаматтарға бет-жүзін төлқұжатындағы суретіне сай ұстау керектігі жайында кеңес бердік.
Осылай деп мәлімдеді Ташкент қаласының Бас ішкі істер басқармасы ресми сайтында.
Бұған дейін өзбек басылымдары Ташкент қаласының құқық қорғау органдары орталық "Малика" базарына рейд жасап, сақалды азаматтарды ұстап әкеткені жайлы, олардың кейбіріне сақалдарын қыруға мәжбүрлегені жайлы ақпарат таратқан еді.
Алайда бұған қатысты түсініктеме берген құқық қорғау органдары 23-24 тамыз күндері «Малика» базары маңында рейд жүргізілгенін, алайда ол «сақалдыларға» қарсы тексеріс емес, базарда жүретін ұры-қарыларды ұстауға арналған рейд екендігін айтты.
- Өкінішке орай, базарда қалта ұрылар көп. Оларды табу үшін базарда жұмыс істеп жүргендерді тексеру қажет болды. Олардың арасында сақалы барлар көп еді. Нақтырақ айтсақ, базарда жұмыс істейтіндердің көбі сақалмен жүрген азаматтар болып шықты, - деп хабарлады ведомства.
Полицейлер бұл азаматтарға бет-жүзін төлқұжаттағы суретіне сай ұстау қажеттігін түсіндірген.
- Оны барлығы түсініп отыр. Көбі сақал өсіруді ұстаным ретінде қабылдамайтынын айтты. Кейбірі сақал қыруға уақыт жоқ болған соң, осылай жүрсе, енді бірі заманауи трендке сай сақал өсіргісі келеді, ал енді бірі мүлдем сақал қыруға ерінетінін айтты, - дейді полицейлер.
Одан бөлек, құқық қорғау органдары бұл жерде діни мәселенің мүлдем араласпағанын алға тартып, азаматтарды діни түсінікке шәк келтірмеуін өтінді.