Weekend

Ағаш ойыншық іздесеңіз, Аралға келіңіз

Шебер ұстаз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тоқсаныншы жылдары балалардың ермегі еміс-еміс есімізде қалыпты. Ағашты ат қып міндік, сымнан машина жасадық, асық ойнадық. Асылында, қаланың қайнаған тірлігінен алыс жатқан ауыл балалары алданыштарын ойдан тауып жататын. «Ғұлы-ғұлы» дегеніңіз есіңізде шығар? Ләңгі ше? Сол жылдары ата-аналар қара сирақ жүгірмектерін үйге шақыра алмай әлек болатын.

Қазір алыс-жақын шетелден тасымалданған ойыншықтар базар мен дүкен сөрелерінде самсап тұр ғой. Ойыншықтардың құрамы қандай? Бүлдіршіндердің ағзасына зиян емес пе? Бұған бас ауыртып жатқан біреу бар ма? Болса, неге бұл ақпараттар кеңінен айтылмайды? Ара-тұра осы ойыншықтың салдарынан балғындар түрлі дертке шалдыққанын естиміз. Ол аз десеңіз, компьютер, ұялы телефондар балалардың басты ермегіне айналды. Тиісінше, көзілдірік таққан қаракөздеріміздің қатары артты. Ал ата-аналар ұл-қызын үйден сыртқа шығарып, таза ауада бұрынғыша ләңгі мен асығын ойната алмай жүр.

Осыдан біршама уақыт бұрын бұл мәселеге қатысты ресми ақпараттар тарады. Елімізге жылына Америкадан – 74 млн, Қытайдан – 50 млн, Ресейден 12 млн долларға ойыншық сатып алынады екен. Қарап отырсақ, қып-қызыл қаржы. Ресей тарапы былтыр Қытайдан ойыншық тасымалдауға заңмен тыйым салыпты. Себеп: бұлардың құрамында химиялық заттар табылып, бала ағзасына зиян екендігі анықталыпты. Мамандардың сөзінше, базардағы ойыншықтардың 80 пайызы қауіпсіздік жөніндегі техникалық регламентке сәйкес келмейтін айтады. Не істеу қажет?

Шебер ұстаз

«Шеберді шеге қағысынан таны» дегендей, бұрындары ағаштан бұйым жасап жатқан азаматтар жөнінде естігенбіз. Ал ағаштан ойыншық құрастырып шығарған шебер туралы хабарыңыз бар ма? Арал қаласында Әлнұр Жарқынбаев есімді ұстаз тұрады. Жалпы, Әлекеңді ұста десек те, шебер десек те, қателеспейміз. Өйткені, қолынан келмейтін іс жоқ. Қанша дегенмен қан тартады ғой. Кейіпкеріміздің атасы Жарқынбай темірден түйін түйген, көмейдегі сөзін кері жұтпайтын ақсақал екен. Уағында Арал ауданындағы әйгілі Қарақұм совхозын құруға бір кісідей атсалысыпты. Бала Әлнұр атасының етегіне жармасып, ананы-мынаны үйренеді. Ұсталықтың қыр-сырына қанығады. Тіпті, сегізінші сыныпты бітіргенде қазақтың ұлттық «Ортеке» қуыршағын жасайды. Мұны «қанмен келген қасиет» деп қалай ғана айтпайсыз? Оныншыны тамамдаған тұста қынабымен қосып пышақ істейді. Қатарластарына қарағанда бұның жасаған бұйымы көрнекті, әдемірек шығыпты.

Кейіпкеріміз мектепті аяқтағаннан соң Қызылордадағы политехникумға құрылысшы мамандығына оқуға түскен. Кейіннен жоғары оқу орнында да білімін жетілдіреді. Қысқасы, тіршілік тінімен әрі-бері шапқылап жүріп, атакәсіпке мойын бұруға мұрша болмайды...

Бүгінгі таңда Әлнұр Жарқынбаев аудан орталығына қоңсы қонған Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектепте еңбек пәнінің мұғалімі. Жалпы, ағаштан ойыншық жасау идеясы қайдан шықты?

– Сол тұстағы мектеп директоры Алтын апай бір күні мені шақырып алды. Қолыма ағаштарды ұстатты да, «оқушыларға мынадан бірдеңе жасап әкел» деп тапсырма берді. Табан астынан ойымызға не келе қойсын? Содан баяғы өзім бала кезде жасаған «Ортеке» қуыршағының жаңа нұсқасын жасадым,- дейді шебер.

Осылайша біршама жыл қол үзіп қалған ұсталық қайта жалғасын табады. Әуелгіде оқушыларымен бірге тұрмысқа қажетті заттарды істейді. Күнделікті бір дүниені қайталаудан өзіңіз де, өзге де жалығып кететі рас ғой. Оның үстіне мына заманда оқушыны анау-мынаумен таңғалдыра алмайсыз. Бірсарындылық Әлекеңді де айналып өтпеді. Оқушыларын еңбекке қызықтыру үшін жан аямай тер төгеді. Бірде ұлт ұстазы, жазушы Зейнолла Қабдолов «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген екен. Кейіпкеріміз бала тәрбиелеу үшін алдымен өзін жаттықтырады. Үздіксіз. Жұмыстан келген соң сабақ барысында оқушыларына көрсететін бұйымын алдымен өзі дайындайды. Жасалған бұйымының қиюын келістіріп, көркемдеп, бояумен әрлейді. Ағаштан «Алтын адамды» да шығарған екен.

– Балалардың қиялы шексіз емес пе? Кейде өзім жасаған дүниелерге оқушыларым «ағай, мына жерін былай істесек, сәл өзгертсек» деп ой қосады. Бұдан кәдімгідей шабыт аласың,- деп ағынан жарылды кейіпкер.

Жауырды жаба тоқудың қажеті шамалы. Қазіргі күні өңірдегі мектептердің көпшілігінде еңбек пәніне арналған кабинеттері бола тұра, оның тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталуы бәсеңдеу. Тіпті, станоктар жоқтың қасы. Айталық, Әлнұр Жарқынбаевтың ағаш бұйымдары мен ойыншықтарының барлығы қол құралдарымен (қашау, пышақ, егеу) жасалған. Әйтсе де, өзі қызмет ететін мектептің басшылығы оқушылардың еңбек пәніне қызығушылығын арттыруға мұрындық болып отыр. Сөзіміздің дәлелі болсын, өздері ағаштан дайындаған көрнекілік бұйымдар мектеп мұражайында сақтаулы.

Енді ағаш ойыншықтарға ойыссақ. Жалпы, жоғарыда базардағы ойыншықтардың химиялық заттардан жасалғандығын, оның балаға зиян еместігіне ешкімнің кепілдік бермейтінін тұспалдап болса да айттық. Әлекең ағаштан машина, трактор, құс, ұшақ, т.б. дүниелерді құрастырған. Бұлардың бала ағзасына ешқандай зияны жоқ. Кәдуілгі ағаш. Бұған тұрғындар тарапынан сұраныс күн өткен сайын артып жатқан көрінеді. Біз Әлекеңе «Ұстаздықты доғарып, ағаштан түлі бұйымдар жасап, бизнеске айналдыру ойыңызда бар ма?» деп сауал қойдық. Жауап мынадай:

– Мұны кәсіпке айналдырып, шеберхана ашуға ұсыныс тастаған азаматтар болды. Десе де, мына әңгіме есімнен кетпейді. Арал қаласындағы №83 мектепте жұмыс істедім. Тоқсаныншы жылдары. Тоқыраудың кезі. Әртүрлі заттарды қолдан жасап, сатамыз. Сонда марқұм Сайлау ағамыз «Әлнұр, сен жақсы шеберсің. Бірақ мұның барлығы ертеңгі күні өзіңмен бірге кетеді. Одан оқушыға үйретсең, оны тәрбиелесең, сонда ғана сенен із қалады» дейтін. Осыдан кейін мен ұзақ ойландым. Сондықтан ұстаздық жолды таңдадым. Шүкір! Оқушыларым еңбек сабағына белсенді араласады. Әсіресе, 8 «а» сыныбының оқушыларының ынтасы жоғары,- деді мұғалім.

Бүгінгі таңда оның және оқушыларының жасаған бұйымдары аудандық, облыстық көрмелерде қойылып жүр. Азды-көпті жетістікке жетіп те үлгерген.

Табиғи ағаштан қашалып жасалған ойыншықтардың бала ағзасына химиялық заттарға қарағанда, зияны жоқ екені даусыз. Ел ішінде шебер де, ұста да бар ғой. Тек оларға қолдау болса, қанеки! Ал, ағаш ойыншық іздесеңіз, Аралға келіңіз.