Саясат
Кремль қалт жібермей бақылап отыр
Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен өткен «Нұр Отан» партиясының Саяси бюро отырысында айқындалған саяси жүйенің стратегиялық бастамалары Кремль партиясы үшін де аса маңызды. Бұл жайында Ресейдің Жоғары экономика мектебі ҒЗУ-нің аға оқытушысы Григорий Лукьянов айтып берді.
Лукьяновтың ойынша, Қазақстандағы партиялық жүйе Орталық Азиядағы партиялық жүйелермен мүлдем салыстыруға келмейді. Өйткені Өзбекстан мен Тәжікстан, Түркіменстандағы партиялық жүйелер мүлдем таптаурын деңгейде, енжар күйде.
- Қазіргі уақытта «Нұр Отанға» жаңа күн тәртібі керек. Өйткені Назарбаев кеткеннен кейін саяси жүйені тұрақтандырушы қызметінен айырыла бастады. Мемлекет пен қоғам арасында көпір болу қызметінен кемшін кетті. Әзірше оны халық мемлекеттік органдардың айырылмас бір бөлігі, басқарушы партия деп қана таниды, одан артыққа бармайды, сенім артпайды. Сондықтан партияға өзгеру керек. Мұны партияның өзі іші де, президент әкімшілігі де соны талқылап жатыр. Қалай дегенмен бұл партия – Назарбаевтың мұрасы ғой, - дейді саясаттанушы маман.
Мәскеудің партиялық жүйесі мен қазақстандық жүйе бір-біріне өте ұқсас болғандықтан, маманның ойынша, Кремльдің «Нұр Отанның» тәжірибесінен алары көп.
- Мәскеу Қазақстандағы саяси жүйенің өзгеруін мұқият бақылап отыр. Егер қазақстандық партия жүйесі де өзгерсе, ресейдің партиялық билігі де ауыс-түйіс жасауы керек. Қазір Қазақстан басшылығы өте кірпияз жолмен партиялық жүйені жасақтауға көшті: Өзбекстандағы сияқты монополияға да айналып кеткен жоқ әрі Қырғызстандағы сияқты бақылауды да жоғалтқан емес, - дейді Лукьянов.
Орыс сарапшысы сөз барысында Назарбаев пен Тоқаевтың арасында кикілжің мен жік тууы мүмкін емес деген ой айтты.
- Партияның құрамы өзгеріп, Тоқаев одан шығып қалса да, бірінші президентпен араздаса қоймас. Тоқаев пен Назарбаев арасындағы қарым-қатынас әлдеқайда жақын, ресми емес. Егер арасында кикілжің туа қалғанның өзінде олар қоғамнан тыс, жасырын жерде ақылдасары анық, - деп түйіндеді сөзін сарапшы.