Саясат
Хат 2068 жылғы оқушы қауымға арналады
Елбасы форум басталар алдында Назарбаев Зияткерлік мектептері оқушыларының ғылыми жобалары қойылған көрмені аралап көрді. Сондай-ақ осы білім беру мекемелерін одан ары дамыту стратегиясы жөніндегі баяндаманы тыңдады. Өз сөзінде Мемлекет басшысы форумға қатысушыларға қайырылып, олардың барлығын осы интеллектуалды білім ордаларының алғашқы ірі мерейтойымен құттықтай келе, бұл мектептер еліміздің білім беру процесінде ерекше орын алатынын атап өтті. – Зияткерлік мектептер мемлекетіміздегі орта білім беру жүйесінің эталонына айналды. Бүгінде Қазақстанның барлық мектебі сіздерге қарап бой түзейді. Өскелең ұрпақтың қазіргі заман талабына сай болуы базалық білімге тікелей байланысты, – деді ел Президенті. Н.Назарбаев өңірлерде ашылған 20 зияткерлік мектепті 8 мыңнан астам оқушы бітіріп шыққанын хабарлады. – Еліміздегі әрбір дарынды баланың әлемдік үздік стандарттар бойынша білім алуына мүмкіндік туғызу біз үшін маңызды болды. Оның басты қағидаттары – оқу үдерісінің жүйелігі, мақсаттарды айқын көре білу және тәжірибе жүзінде оқыту, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы оқытудың озық әдістемелерін және іріктеудің қатаң жүйесін енгізу нәтижесінде НЗМ оқушылары математикалық сауаттылық бойынша әлемнің үздік он елінің шәкірттері қатарына қосылғанын айтты. – Бүгінде мұнда еліміздің барлық өңірінен келген балалар білім алуда. Солардың 3 мыңнан астамы – көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың өрендері. Тағы 2,5 мыңы – ауылдық жер мен шағын қаладан келген оқушылар. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің және әрбір талантты балаға өзін-өзі танытуы үшін жасалған мүмкіндіктің нақты көрсеткіші, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан өзге, Қазақстан Президенті интеллектуалды мектептерді ілгерілетудің оң қарқынын сақтауды және оларды одан ары дамытудың жаңа бағыттарын түзуді жүктеді. – Қазірдің өзінде цифрлы технологиялар, биоинженерия және роботтандыру салаларында жұмыс істей алатын жаңа мамандар талап етілуде. Алдағы 10-15 жыл ішінде жасанды интеллект пен автоматтандыру технологиялары өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады, – деді Елбасы. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы инновациялық технологиялардың дендей енуі аясында оқушылардың жаңа кәсіптер мен машықтарға бейімделуінің маңызын нұсқады. – Әлем күн сайын дамып келеді, үнемі инновациялы және жаңа дүниелер ойлап табылуда. Ендеше, жылдам өзгеріп жатқан өмір талаптарына сай болу үшін сіздердің заманауи технологияларды меңгерулеріңіз маңызды, – деді Н.Назарбаев. Бұған қоса, ел Президенті оқушылардың STEАM дайындығын күшейту, соның ішінде жобалық және зерттеу жұмыстарын орындау арқылы алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануын қамтамасыз ету қажеттігіне тоқталды. – Ағылшын тілінен аударғанда, STEАM дегеніміз – жаратылыстану ғылымдары, технологиялар, инженерия, өнер және математика. Бір сөзбен айтқанда, бұлар – қазіргі заманғы әлемде сұранысқа ие болып отырған пәндер. Мұндай пәнаралық және қолданбалы әдісті қолдану балаларды сыни тұрғыдан ойлауға үйретеді. Соның арқасында жасампаздар мен өнертапқыштардың жаңа буыны қалыптасады, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы тағы бір бағыт ретінде шет тілдерді меңгерудің маңыздылығын атап өтті. – Биылғы оқу жылында зияткерлік мектептерде оқушылардың өз таңдауы бойынша екінші шет тілін меңгеруі қолға алынды. Жаһандану жағдайында шет тілдерін білудің өмірлік маңызы бар. Бұл басқа елдердегі адамдардың болмыс-менталитеті мен мәдениетін түсінуге жол ашады. Жоғары білім алу және жұмысқа орналасу барысында таңдау жасау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті сондай-ақ оқушылардың эмоциялық интеллектін дамыту мәселелерін қозғады. – Эмоциялық интеллект қазіргі заманда тұлғаның бәсекеге қабілеттілігінің маңызды қасиеті саналады. Жасанды интеллект барлығын алмастырады дейміз, бірақ шынайы адами сезімді, эмоцияларды ешқандай машина алмастыра алмайды. Адамдарды сендіре алу, өзге адамдарға аяушылық пен жанашырлық таныту, өзгені тыңдай білу, төзімділік таныту қабілеттері болашақта тіпті аясы тар техникалық біліктіліктен де көбірек сұранысқа ие болады, – деді Елбасы. Сөз қорытындысында Мемлекет басшысы зияткерлік мектептердің онжылдық мерейтойы дамудың жаңа кезеңіне және еліміздің өркендеуі жолындағы келесі ауқымды жетістіктердің бастауына айналарына сенім білдірді. – Қазіргі уақытта терең білім алу, шет тілдерін білу және заманауи технологияларды меңгеру – бәріміздің басты міндетіміз болуға тиіс. Сіздер сонда ғана алға қойылған мақсаттарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындыра аласыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы форумда оқушылар мен ұстаздар Елбасыға қайырылып, «уақыт капсуласына» салу үшін 2068 жылы Назарбаев зияткерлік мектептерінде білім алатын жас ұрпаққа хат жазып беруді өтінді. Қазақстан Президенті бұл өтінішті орындады. – Бұл хат 2068 жылғы оқушы қауымға арналады. Ол заманда өміріміздің барша саласы жаңа технологияларға құрылады. Адам 100-120 жылдап өмір сүреді. Амандық болса, мұнда не жазылғанын сіздер де оқып, біле аласыздар. Тек міндетті түрде сақтап қойыңыздар, біреу алып кетпесін! – деп әзілмен түйіндеді Н.Назарбаев.