Саясат

Пойыз билеттері екі есе арзандайды: жеңілдік кімдерге қарастырылған

Өзгерістер күшіне енді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

28 тамыздан бастап жолаушылар тасымалы туралы ережеге енгізілген өзгерістер күшіне енеді

Қазақстанда пойыз билеттерін сатып алу және қайтару тәртібі өзгерді. Енді, заңды тұлғаның атынан бір топ жолаушыға электронды-цифрлық қолтаңба арқылы билет алуға болады. Алайда ол тапсырыс бұрынғыдай бір бланкпен рәсімделмейді. Әрбір жолаушыға жеке-жеке билет беріледі.

Сондай-ақ, бастапқы тапсырысты өзгерту бойынша шектеу енгізіледі. Мұндай топтық тапсырысты қайтару және өзгерту үшін 30 проценттік депозит ұсталмақ. Бұған дейін резерв жасағаны үшін небәрі 290 теңге алынатын.

Билет екі есе арзандайды

Бұдан бөлек, барлық топтағы мүгедек азаматтар әлеуметтік маңызы бар бағыттарға билет алса, 50 проценттік жеңілдікке ие болады. Бұрын мұндай жеңілдік I топтағы мүгедектерге ғана берілген. Ал 28 тамыздан бастап II және III топтағы мүгедектер де билеттің жарты бағасын төлейтін болады.

Коммерциялық бағыттар бойынша жеңілдік беруді тасымалдаушылардың өздері шешеді. Оған көбінесе "Тальго" пойыздары жатады. Қалған бағыттарға 50 проценттік жеңілдік қарастырылған.

Сондай-ақ, теміржол билетін қайтарғаны үшін 1000 теңге комиссия ұстамайтын болады. Алайда бұрынғы тарифтер сақталады, яғни билет бір тәулік бұрын қайтарылса, толық ақшасы беріледі. Бір тәуліктен аз уақыт қалған жағдайда плацкарттың құны ұсталады.

Тағы бір жаңашылдық - пойызда темекі шегуге тыйым салу. Шектеу жолаушылар тасымалы туралы ережелерге енгізілген.

Айыппұл көлемі қандай?

"Жолаушылар тасымалы" компаниясының хабарлауынша, 28 тамыздан бастап жолаушыларды тасымалдайтын барлық пойызда темекі шегуге тыйым салынады. Бұрын тамбурда шегуге рұқсат берілетін. Енді, оған да шектеу қойылып отыр. Пойыз тоқтағанда перронға шығып, темекі шегуге болады. Ал пойыз жолсеріктері заңсыз ақша алып, темекі шегуге жағдай жасаса, тиісті шара қолданылады.

"Жолаушы пойызында темекі шеккен адам ұсталса, жолсеріктер бірден желілік полицияны шақырады. Сол жерде хаттама рәсімделеді. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 571-бабына сәйкес, жолаушылар тасымалы туралы ережені бұзғаны, яғни темекі шеккені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге - Sputnik) айыппұл салынады", - дейді заңгер Әйгерім Малғаждарова.

"Кейбір аялдамада перронға шыға алмайсың"

Бүгінде темекі шекпейтін адамдардың бәрі осы бастаманы қолдайды. Ал темекі шегетіндер құқығымыз шектелді деп отыр. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Асылхан Ыбыраевтың айтуынша, кейбір аялдамаларда перронға шығармайды. Ондайда темекі шегетіндер қатты қиналады.

"Негізі, ондай шектеу енгізудің алдында темекі шегетін жолаушылар үшін дұрыс жағдай жасап қойған дұрыс. Әсіресе, алыс жолға шығатын пойыздарда арнайы жерлер болғаны жөн. Себебі кейбір аялдамада пойыз көп тұрмайды. Ондайда есікті де ашпайды. Ал осындайда перронға шығып көр. Келесі аялдамаға дейін екі сағат жүру керек. Темекі шекпей, тағы екі сағат жүрген қиын қой", - дейді Ыбыраев.

Оның ойынша, пойыздың жолсеріктері заңсыз ақша алып, темекі шегуге рұқсат берсе, адамдар тамбурға емес, екі вагон түйіскен жерге шығады. Ал ондай жерлерде оқыс жағдай болуы әбден мүмкін.

"Мұндай шараның арқасында темекі шегетін адамдар азаяды деп айту қиын. Есесіне, жолсеріктер үшін заңсыз ақша табудың қосымша жолы ашылады", - дейді Ыбыраев.