Саясат
Сіз білмейтін шындық
Ван Юнхан – Фалуньгун ағымын ұстанушы адвокат. Ол Қытайдың Ляонин провинциясының тұрғыны. Сотта Фалуньгун ағымын ұстанушылардың құқықтарын қорғап келген.
2009 жылы шілде айында оны 20 полицей үйінен тұтқындап әкетеді. Ел тыныштығын бұзушы ағымды ұстанды деп айыптап, 7 жылға соттап жібереді. 2010 жылы Ван жайлы БҰҰ-ның Адам құқығын қорғау органдары біле бастады. Ван кейіннен арнайы лагерьде оны қалай қинағаны жайлы толық айтып берді.
- Олар мені өз үйімнен әкетіп, 7 жылға қамап тастады. Фалуньгун ағымын ұстанғаным үшін осылай еткен еді. Мені ұрып-соғып, кемсітті. Алайда ең үлкен қинау 2012 жылы орын алды. Сол уақытта лагерьде Фалуньгун ағымын ұстанушыларды жою не ағымнан қайтару компаниясы басталған болатын. 2012 жылдың 8 мамырында олар мені тергеу бөлмесіне алып барды. Бөлменің іші қараңғы екен. Жарық әлсіз. Мені темір орындыққа таңып тастады. Бөлме ішінде бірнеше тергеуші мен қамалғандар бар екен. Олар маған Фалуньгун жайлы жалған фильмдер көрсетті. Мен оның барлығы өтірік екенін, ағымның ешқандай жамандық әкелмейтінін айттым. Сол мезетте мені соққыға жықты. Бір қылмыскерді мені оң жағыма отырғызып қойды. Ол мені арасында бүйрегімнен, қабырғамнан ұрып отырды, - дейді Ван.
Түрме қызметкерлері оны электр тоғымен қинап, қорлаған көрінеді. Фалуньгун ағымын қаралайтын өтірік фильмдерді жиі көрсетіп мәжбүрлеген.
- Егер менің көзім 3 секундқа жұмылып кетсе, олар мені ұрып, теуіп оятатын. Күніне маған 250 миллилитр ғана су беріп отырды. Бір уақыт қана тамақ берді және үш мәрте дәретхана апарып тұрды. Артынша қайта тергеу бөлмесіне әкеліп, қинауды жалғастырды. Аядай ғана тергеу бөлмесінің ішінде мен күн мен түнді ажыратудан қалдым. Таң атқанын адамдардың далаға шыққан даусынан ғана білетінмін. Бірақ өзім ұйықтамадым. Олар мені ұйықтатпады. Оң жақ аяғымның терісі сыпырылып қалды. Мені қинау сәтінде қасақана сол жарамды басатын. Ұйқысыз өткен 6 күннен кейін, мен еріксіз Фалуньгун ағымынан шығатынымды айттым. Қағаздарға қол қойдым. Олар айтқандарымды камераға түсіру керектігін жеткізді. Осы ретте мен бас тарттым. Қинау қайта басталды. Мені ұрып-соғу күшейді. Тоққа соқтырып, тепкіледі. Мені дәретханаға апармады. Су беруді доғарды. Күнделікті тепкіден, тамақсыз, ұйқысыз өткен күндерден кейін мен есімді жоғалта бастадым. Шындық пен елесті ажыратудан қалдым. Ақырында мен олардың айтқанына келісіп, бейнекамераға қарап отырып ағымнан шығатынымды айттым. Осылайша мені тергеу камерасынан алып шықты. Мені сүйреп бара жатқан сәтте, қабырғада ілініп тұрған күнтізбеге көзім түсті. Онда 2012 жыл, 21 мамыр деп тұр екен. Осылайша мен 13 күн бойы ұйқысыз қинауда болдым. Барлығын мойындап, ағымнан шыққандықтан, олар мені ауруханаға жеткізді. Онда оң жақ қабырғамның астына ірің жиналып қалғанын білдім. Жүрегім нашарлап кеткен. Миыма үлкен зақым келген. Ауруханада ұзақ жаттым, — дейді Ван.
Аталмыш хат БҰҰ-ның Адам құқығын қорғау органдарына табысталған. Алайда Қытайда Фалуньгун ағымын ұстанушыларды қудалау тоқтар емес. 1991 жылдан бастап 70 млн фалуньгуншылар қудаланған. 2 млны із-түссіз жоғалып кеткен.