Саясат
Партия құруға кедергі келтіргені үшін
Қоғам белсендісі Әлнұр Ильяшев «Нұр Отан» партиясының «Наше Право» (құрушысы – Санавар Закирова мен Марат Тұрымбетов) партиясын құруға кедергі келтіргені жөнінде сотқа тағы да талап арыз түсірді.
Бұл жолы арыз иесі басты оппоненттері Бауыржан Байбек пен оның тақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты жауап беруге шақырып отыр. Оны Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
- «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Назарбаев саяси бюро отырысында Мәжіліс пен мәслихат сайлауында «партиялық тізім» пропорционалды жүйесін ұстанатынын, ал оның бірінші орынбасары Бауыржан Байбек көппартиялық жүйемен жарысуға әзір екендігін айтқан болатын. Сондықтан қайта сотқа шағымданып отырмын. Ал бұған дейінгі талап арызға жауап беруге «Нұр Отан» партиясының өкілі келмей, жалтарып кеткен еді. Бұл жолы да солай болуы мүмкін. Байбек пен Назарбаев жауап беруден жалтарады деген ойдамыз, - деп жазды белсенді.
Белсендінің айтуынша, егер Байбек пен Назарбаев жауап беруден бас тартса, онда қоғам мүшелері басқарушы партияны бәсекеден қорқатын, әлсіз, сенімсіз, саяси бәсекеде «әкімшілік ресурстарын» пайдаланатын алаяқ партия деп баға беретін болады.
- Ал бұл жаңа электоральды үрдістің басталуына себеп болады... – деген ойда белсенді.
Айта кеткен жөн, Алматының кәсіпкер азаматшасы Санавар Закирова қазіргі партиялық жүйеден орын алу үшін жаңа партия – «Наше право» партиясын құрмақ болған еді. Алайда оған билік органдары рұқсат етпей қойған.
Партияның бағдарламасында президенттік басқаруды парламенттік басқаруға ауыстырып, полицияны, сот пен прокуратураны реформалау және әлеуметтік әлсіз топтарға қолдау көрсету сынды бастамалар көтерілген.