Саясат
Көзбояушылық
Тоқаев 12 маусым күні инаугурацияда “Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы тамыз айында өтеді” деген. Ресми ақпарат бойынша бүгінгі жиын алғашқы отырыс емес. Алдын-ала ақылдасу. Демек, президенттің алғашқы уәдесі орындалмады деуге болады. Бұл – бір.
Екінші – кеңес құрамында 44 адам бар. Қызығы олардың қатарында жыл басынан бері наразылық шараларын ұйымдастырып жүрген “Оян, Қазақстан”, “Республика” сынды ұйымдардың (ҚДТ әрине шақырылмайды, өйткені “экстремистік” ұйым ғой) мүшелері немесе жетекшілері жоқ. Есесіне “Мен Ояндым” деген акцияға қатысып, бір-екі ауыз сөз айтқан бір адам жүр.
Акцияның ұйымдастырушылары, негізгі инициаторлары көрінбейді. Билік рұқсат беріп, митингі өткізген адам бар да, рұқсат сұрап, бірнеше рет хат жазған, бірақ митингіге шыға алмай, осы мәселе бойынша әкімдіктермен соттасып жүрген адамдар жоқ.
Тағы бір айтатыны – көп балалы әйелдер де байқалмайды. Тіпті, 44-тің 5-і ғана әйел. Сонда сенім кеңесі кімнің сеніміне кірмек? Өзге мүшелеріне қатысты ештеңе демеймін. Бірақ кеңес соңғы бірнеше айда жиі қайталанған наразылықтардан соң құрылды емес пе? Ал наразылық жиындарын көп балалы әйелдер жасады. Олардың арасынан өкіл табылмады ма?
Нұрбек ТҮСІПХАН
Адырна ұлттық порталы