Weekend
Достық үйінде жаңа ұйым жұмысын бастады
Тарыдай шашылған қазақтың басын қара шаңырақта қосу мақсатымен егемендік алған тоқсаныншы жылдарда ашылған дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандастардың туған топыраққа оралуына мұрындық болғаны елге аян. Аталған қауымдастықтың филиалы енді Көкшетауда да өз жұмысын жалғастырмақ.
Аталған мақсатта Көкшетау қаласының Достық үйі ғимаратында орын ұсынылып, осы ғимаратта ашылу салтанатына арналған іргелі шара ұйымдастырылды. «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық жолымен басталған шарада Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының, ақмолалық үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, демеушілік жасаған қайырымдылық қорларының өкілдері қатысты. Шара барысында сөз алған Астана және Ақмола облысы филиалының төрағасы Қарлығаш Қожамұратова қауымдастықтың жүзеге асырған игі жұмыстарын қалың жұртшылыққа жеткізіп өтті. Атап айтқанда, дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының мұрындық болуымен бүгінге дейін миллионға тарта қандастардың елге оралғаны, қауымдастық аясында «Отандастар» қоры құрылып, биылғы мыңға тарта көп балалы отбасыларының балалары еліміздің түрлі демалыс орындарында демалғаны аталып өтті. Оның ішінде 285 балдырған «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалып қайтқаны тілге тиек етілді.
Ашылу салтанатында «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл, Ақмола облыстық «Қазақ тілі мен әдебиеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Меруеш Башайқызы сөз алып, өңірде өз жұмысын бастап отырған филиал жұмысына сәттілік тіледі.
Шара соңы домбыраның қоңыр әуенімен сазды әндер орындалып, көп балалы отбасыларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар тарту етілді.
Суреттерді түсірген Берік Ескенов