Саясат
Ядролық қаруға қарсы күресткендер
«Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығының» иегерлері белгілі болды.
- Биыл Назарбаев сыйлығы бір мезгілде екі бірдей адамға берілді. МАГАТЭ-нің бас директоры болған, марқұм Юкия Аманоға және Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербоға беру туралы шешім қабылданды. Юкия Амано МАГАТЭ басшысы лауазымында халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға және ядролық атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласына үлес қосты. Қазақстанда төмен байытылған уран банкін құруда және Иран ядролық проблемасын шешуде маңызды жұмыстар атқарды. МАГАТЭ қызметінің басым бағыттарының бірі – обыр ауруларымен күрес және ядролық технологияларды су ресурстарын басқару, азық-түлік қауіпсіздігін басқару саласында қолдану болды, – деді Мемлекет басшысы.
Ол сондай-ақ, Лассина Зербоның да осы салаға қосқан үлесін атап өтті.
- Оның күш-жігері ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартты мониторнигілеу бойынша халықаралық желіні құру жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, ол осы шарт ұйымының жастар тобын құруға да бастамашы болды. Юкия Амано мен Лассина Зербо ядролық қаруды таратпауға және әлемдік қауіпсіздікке қомақты үлес қосты. Сондықтан бүгінгі Назарбаев сыйлығы лайықты тағайындалды деп ойлаймыз, – деді Президент.
Өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы сыйлықты Лассине Зербо мен марқұм Юкия Аманоның жұбайы мен бауырына тапсырды.