Саясат
Ақтөбеде №40 мектептің төбесі құлап, 9 оқушы жарақат алған
Өкінішке орай, елімізде салынған он құрлыстың бесеуінің сапасы сын көтермейді. Жемқорлық жайлаған қазақ қоғамында бұл дертпен күресудің оңтайлы жолы табылмай тұр. Құрылыс ұйымдары басшыларынан тартып, жұмыс жүргiзушiлердiң және құрылыстың сапасын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға дейін сыбайлас жемқорлықтың сыйын көрген соң құрлыстың сапасы екінші мәселеге айналады. Ал бірінші кезекте мемлекет есебінен құлқынның құдығын толтыру тұрады.
Енді жақында түрлі БАҚ-та жарияланған сапасыз құрлыстар жайлы ақпараттарға кезек берейік:
Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламамен берілген жаңа үйдің іші көгеріп, есік-терезеден жел ызғып тұр. (Қыркүйек айы)
Қостанайдағы «Юбилейный» ықшам ауданында құрылысы аяқталмаған 5 қабатты тұрғын үйдің қабырғасында жарық пайда болды. (Тамыз айы)
«Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған Өскемендегі көпқабатты үйлердің қабырғаларында жарықшақтар пайда болған. (Шілде айы)
Қарағандыдағы көпқабатты үй тұрғындарға қауіп төндіріп тұр. (Мамыр айы)
Біз бұл бірнеше мысалды сөзіміз сұйық шықас үшін дәлел ретінде ғана алдық. Әйтпесе, қазақстандық сапасыз құрлыстар жайлы ақпараттан том-том кітап құрастыруға болады. Күні кеше ғана орын алған осы мысалдар тұрғанда біз архив ақтарып, өткен жылдардың есігін қаққан жоқпыз. Болмаса Алматыдағы ортасынан опырлып құрлысшының жанын жалмаған көпір жайлы немесе әлем алдында бетқалқа еткен «ЭКСПО» кезіндегі қиырған көпір жайлы сөз етсек әріге тереңдеп кетуге тура келеді.
Мемлекеттік бағдарламамен салынған осындай сапасыз тұрғын үйлерден баспана кезегінде 15-20 жыл бойы тұрып пәтер кілтін алғандар қуанып та үлгірмейді. «Өз үйім - өлең төсегім» деп төріне жайғаса бергенде төбесінен су тамшылап, қабырғасынан жел аңырап тұрады. Бұл жағдайлар айтылмай жатқан жоқ. Ақпарат құралдарында, Парламентте де көтерілді. Алайда өзгерген ештеңе жоқ.
Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, жуырда ғана салынған құрлыстың сапасына теріс әсер ететін бірнеше себеп бар. Олардың қатарында тендер өткізу рәсімінің жария түрде жүргізілмеуі, мердігерлердің жұмысын адал атқармауы, сондай-ақ сапасыз құрылыс материалдарын қолданылуын атауға болады. Осындай себептерден тек 2017 жылда ғана еліміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінің «Жол сапасы» индексі бойынша бірден сегіз сатыға құлдилаған екен.
Енді ресми мәліметтерге кезек беріп көрейік, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2012 жылы әртүрлі объектілердің сапасыз салынуының 6 фактісі, 2013 жылы – 5, 2014 жылы – 3, 2015 жылы – 7, 2016 жылы – 7 және 2017 жылы 3 фактісі тіркелді. Сапасыз салынған құрылыс пен жөндеу фактілеріне тұрғын үйлерді, сондай-ақ, құрылыстың басқа да объектілерін (көпірлерді, авокөлік жолдарын және т.б.) салу кезінде де жол берілген. Жауырды жаба тоқуға әуес мемлекеттік органдардың қашанғы әдеті бұл. Бүкіл халық көріп-біліп отырса да жамандықты жасырып, жақсылықты асырып көрсетуге бейім. Елдегі сапасыз салынған құрлыстар саны жоғардағыдай аз дегенге жас бала да сенбейтіні сөзсіз.
Мемлекеттік тапсырыспен салынған құрлыстың сапасыз болуының басты себебі «тендер» мәселесі болса керек. Мамандардың айтуынша, құрлыстағы сыбайлас жемқорлықтың басы дәл осы тендерден басталады. Біздің шенділер үшін тендер бюджеттен бөлінген қаржыны бөліске салудың тамаша тәсіліне айналған көрінеді. Тарқатып айтар болсақ, белгілі құрылыс нысанын салу құқығын тендерде жеңіп алу керек. Ал сол тендерде жеңіске жету үшін алдын ала шенеуніктердің, тендерлік комиссия мүшелерінің көңілін таппай тағы болмайды. Бұл жолды басып өтпей бірде-бір мемлекеттік тендер өткізілмейтінін министрден бастап, қарапайым құрылысшыға дейін біледі.
Тендер өткізудің әу бастағы мақсаты болашақ нысанды салатын мердігер ұйымның тапсырманы орындай алатын әлеуетін анықтау болады. Мұнда «мердігер құрылыс компаниясының нысанды сапалы әрі дер кезінде салуға экономикалық, техникалық мүмкіндігі жете ме», «материалдық және қаржылай қуаты жеткілікті ме» осыны анықтау керек. Міне, қолына осындай мол мүмкіндік тиген тендерлік комиссия мүшелері құрлыстың сапасын емес, өзінің қалтасын ойлай бастайды. Сөйтіп, мемлекеттік маңызы бар жұмыстарды аты бар, заты жоқ компанияларға береді. Әрине, бұл «еңбегі» үшін мол сыйақы алады. Осындай жымысқы жолмен жалпы құны жүздеген миллион теңге тұратын құрылыс нысанының заңды түрде бас мердігер ұйымы құқығына ие болғандар үшін құрлыстың сапасы еш маңызды емес. Олар енді жұмысты шала-шарпы бітіріп, құрылыстың сапасын бақылап, тексеріп өткізіп алатын қызметкерлердің құлқынын толтыруға кіріседі. Мамандардың айтуынша, бізде құрылыс нысанын салуға бөлінген сметалық қаржының жартысы осындай «жол-жосынға» жұмсалады екен. Осыдан қалған аз қаржы құрылыс нысанын салуға жетімсіз болғандықтан мердігер ұйымдар барлық мүмкін болған жағдайдан үнемдеп, мейлінше, арзан әрі сапасыз құрылыс материалдарын пайдаланады. Құрылысшылардың жалақысынан да жонып-жымқырып, тіпті, аз-мұз ақша төлеп, гастарбайтерлерді көптеп тартады. Нәтижесінде, еліміздің құрылыс алаңдарында тиісті тәжірибесі мен кәсіби мамандығы жоқ адамдар жұмыс жасайды екен.
Міне осындай бұралаң жолдарды басып өткен біздің тұрғын үйлер мен жолдардың сапасы қайдан оңсын. Бұндай бассыздықтың алдын алу үшін заңдық жауапкершілік те қарастырылған. Алайда сол Заңды атқарушылардың өзі жоғарда біз сөз еткен шым-шытырық қатынастың шырмауына түсіп шыға алмай қалады. Сөйтіп, Заңда анық жазылған қылмыстық жауапкершілік қузастырылмайды. Қазір қолданыстағы қылмыстық заңнамада сапасыз салынған тұрғын үй ғимараты мен басқа да құрылыс объектілері үшін жауапкешілік ҚР Қылмыстың Кодекісі 2014 жылғы 3 шiлдедегі № 226-V Заңы 278-бабы бойынша қузастырылады:
1. Құрылыс ұйымдары басшыларының, жұмыс жүргiзушiлердiң және құрылыстың сапасын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың сапасыз салынған, аяқталмаған немесе шарттың және жобалау құжаттамасының талаптарына сәйкес келмейтiн ғимараттар мен құрылыстарды, автомобиль жолдарын, тоннельдердi, электр станцияларын, тұрғын үйлердi немесе өзге де құрылыс объектiлерiн пайдалануға тапсыруы және (немесе) қабылдауы, сол сияқты оларды сапасыз жөндеуi, егер бұл абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бұған қоса 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген кейбір заңдар мен кодекстер қатарында: «Сәулет, қала құрылысы және құрылысқызметін туралы» заңы бойынша, жаңа құрылыснысандарын енді мемлекеттік комиссия қабылдамайды. Заңдағы жаңа өзгеріске сәйкес, нысанды тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы қабылдап алады. Егер салынған нысан сапасыз болып, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе, тапсырыс беруші, мердігер, авторлық және техникалық мердігер әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны көрсетілген.
Кеңес одағы кезінде кірпіші қаланған кейбір ғимараттар әлі еңсесін тік ұстап тұрғанда, тәуелсіздік жылдары салынған құрлыстар он жыл кейде бес жыл өтпей қабырғасы қақырап құлап жатады. Бұл әрине мақтанатын көрсеткіш емес. Кеше салған мемлекеттік баспанамыздың төбесінен бүгін су сорғалап тұрса, пайдалануға берілгеніне бір жыл толмаған көпірлер құлап, жолдар шұрық-тесік болып жатса дамыған отыз елдің көші бізге шаңын да көрсетпес.
Түйін
Әңгіме Ақтөбедегі мектептің төбесі құлағаннан басталды ғой. Мектептің төбесі құлап 9 оқушы жарақат алды. Құдай сақтасын, сол оқушылар көз жұмса не болар еді? Оған кім жауапты? Білім министрі Сағадиев "мен он жыл бұрын министр болған жоқпын" деп сытылып шыға келер. Біздің елде жауапкершілік мәселесі ешкімді толғандырмайтыны өкінішті. Сондықтан да, бұл мәселеге Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Білім министрі Ерлан Сағадиев жауапты болып, кінәлілерді табуы керек. Тоғыз жыл бұрын сапасыз мектеп салғандарды табу соншалық қиын шаруа емес. Соларды ҚР Заңдары аясында жазалап, сапасыз құрылыс салудың жазасы қандай болатынын ел алдында әйгілеуі керек.
Дереккөз: abai.kz Қуаныш Қаппас