Bugin
Педагогтардың білімін көтеру жайлы айтты
«Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өзінің сынып жетекшілерін еске алды.
- Әрине, білім беру мәселесі азаматтар үшін әрқашан басым мәселе болып саналады. Үкіметтің соңғы отырысында біз «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасымен таныстық. ҚР Білім және ғылым министрлігі үлкен жұмыс атқарғанын атап өткім келеді. Ұсынылып отырған жаңашылдықтарды мұғалімдер де, ата-аналар да, оқушылар да жағымды қабылдайтынына сенімдімін, -деген министр заң жобасының ең маңызды тұстарына тоқталды.
- Сынып жетекшілігі үшін екі есе ақы төленетін болады. Сынып жетекшісі болу жай ғана сабақ беруден әлдеқайда қиын екеніне бәрі келіседі деп ойлаймын. Бұл - баланы тәрбиелеу, оның бойына дұрыс құндылықтар мен өмірлік бағыттар сіңіру, ең қиын жағдайларда оқушының қасынан табылып, оқушының барлық кемшіліктеріне мұғалімді кінәлауға дайын тұратын ата-анамен ұдайы байланыста болу деген сөз. Айтпақшы, менің сынып жетекшілерім болған Ерке Ханәулетқызы мен Гүлнәр Әбдіразаққызының аты-жөндері әлі есімде, - деді ведомоство басшысы.
Дәурен Абаев ұстаздық мамандықтың қазір бәсекеге сай болмай тұрғанын да атап өтті.
- Барлық педагогтардың еңбек демалысы 56 күнге көбейтілді. Тағы бір ынталандыратын дүние – магистрлік санаты мен тәлімгерлік үшін қосымша ақы төленуі. Заң жобасында мұғалімдердің жүктемесін азайту, олардың абырой-беделін қорғау қарастырылғаны өте маңызды. Ұстаздарға балабақша кезегінде бірінші болу құқығын беру ұсынылып отыр. Шаралар мұнымен шектелмейді. Бұл заң жобасы әлі Парламент қабырғасында талқыланады. Сондықтан құжаттың әлі өз күшін арттыра түсетініне сенімдімін. Өйткені, педагог мамандығы бәсекеге қабілетсіз болып кеткенін бәріміз түсінеміз. Еңбекақы төмен, жүктеме ауыр, қағазбастылық, осының бәрі мектептерде мықты мамандардың тоқтамауына әкеліп жатыр. Таптаурын болып естілсе де айтайын, ұлтымыздың болашағы - мұғалімдердің қолында. Мұхтар Әуезов: «Ұстаз – ұлы есім» деп айтқандай, Білім және ғылым министрлігі дайындаған шаралар қазіргі жағдайды жетілдіретін маңызды қадам деп ойлаймын, - деп түйіндеді Дәурен Абаев.