Саясат
Әлем Қазақстанға алғыс білдірді
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comҚазақстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялағаны жөнінде ресми құжатын Біріккен Ұлттар Ұйымының хатшылығына тапсырды.
Құжатты тапсыру рәсімі БҰҰ қоғамдастығында оныншы рет аталып отырған ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдардың халықаралық күніне орайластырылды. Іс-шараға БҰҰ және 103 елдің 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдарының коалициясын құраған «ICAN» ядролық қаруға қарсы халықаралық қозғалысының өкілдері қатысты. Олар Қазақстанға ядролық қарусыздану ісіндегі беріктігі мен көшбасшылығы үшін алғыстарын білдірді.
Осыдан 70 жыл бұрын кеңестік атом бомбасы алғаш рет сынақтан өткізілген ел бүгінде ратификациялау құжатын тапсыру арқылы 26-шы мемлекет болып ядролық қаруға заңды түрде тыйым салатын алғашқы тарихи шарттың күшіне ену перспективасын жақындата түсті.
- Біздің әрекетіміз, сонымен қатар, ядролық қаруды қолдану салдарынан зардап шеккендердің барлығына деген құрметіміз болып табылады. Ортақ міндетіміз - осындай қайғылы жағдайлардың қайталануын болдырмау, - деп атап өтті Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров.
Айта кетсек, ядролық қаруға тыйым салу туралы шарты қол қою үшін Нью-Йорк қаласында 2017 жылғы 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-сессиясы аясында ашылды және 50-ші ратификациялау грамотасы сақтауға тапсырылғаннан бастап 90 күннен кейін күшіне енеді.
Бүгінгі таңда 70 мемлекет Шартқа қол қойып, оның 26-сы осы құжатты ратификациялаған. Қазақстан бұл құжатқа 57-ші мемлекет ретінде 2018 жылғы 2 наурызда қол қойды, ал 2019 жылғы 29 тамызда оны ратификациялағаны жөнінде ресми құжатын 26-шы мемлекет болып тапсырды.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61