Саясат
Қыркүйектен бастап бірқатар ережелер өзгереді
1 қыркүйектен бастап мемлекеттік сатып алулар туралы ережеге кірген өзгерістер күшіне енеді. Атап айтқанда, тапсырыс берушілер үшін жаңа қосымшалар қолданысқа шығады. Онда потенциалды тауар жеткізуші компанияларға қойылатын біліктілік талаптары көрсетілген. Сол бойынша конкурстық құжаттар да жиналады.
Бұдан бөлек, тапсырыс берушілер мен потенциалды жеткізушілер үшін жаңа техникалық сипаттамалар енгізіледі. Талаптарды толтырудың нақты формасы да бар. Ал субмердігерлер өз мәліметтерін электронды-цифрлық қолтаңбамен рәсімдеуге міндетті.
Сондай-ақ, құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алулар жасалғанда тапсырыс берушілер жобалық-сметалық құжаттардан бөлек, ведомстводан тыс кешенді сараптама берген оң шешімнің электронды көшірмесін қоса ұсынуы шарт.
"Білім туралы" заңға сәйкес, алты жасқа келген балалар 1 қыркүйектен бастап жалпы білім беретін мектепке баруы тиіс. Білім министрінің өткен жылғы бұйрығына сәйкес, оқу жылының соңына дейін 6 жасқа толатын балаларды да мектепке қабылдауға рұқсат берілген. Алайда бала 1 қыркүйекке дейін осы жасқа келмесе, ата-анасы оны мектепке бере ме, жоқ па, өзі шешеді.
"Бір мәселені ескеру керек, егер ол балабақшада мектепке дейінгі дайындықтан өтсе, одан қайта өтуге болмайды, ондай балалар мектепке баруға міндетті", - делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Жақында осы мәселеге қатысты білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов та өз пікірін білдірген болатын.
"Мен өз тәжірибемді айтайын. Негізі, 5-6 жаста баланың дамуы өте жылдам болады. Мен де баламды мектепке бергенде көп ойландым. Ол кезде таңдау болды ғой. Алты жаста беремін десең, алты жаста, жеті жаста беремін десең, жеті жаста мектепке бересің. Мен алты жастан бастап бердім. Бүгінде бұған өкінбеймін", - дейді Аймағамбетов.
Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі заңнамада баланы алты жастан бастап бірінші сыныпқа беру керектігі туралы нақты жазылған. Бұрын жақшаның ішінде "7 жас" та көрсетілген. Үш жыл бұрын бұл жазба алынып тастады.
"Сондықтан қазіргі заңнамада "балалар алты жастан мектепке барады" деп жазылған. Негізі, мектепке алты жаста келетін балалардың саны артып келеді. Мәселен, 2014 жылы балалардың 60 проценті мектепке алты жаста келген. Ал 2018 жылы олардың саны 80 проценке жетті", - дейді Аймағамбетов.
1 қыркүйегінен бастап 4, 9 және 10-сынып оқушылары жаңартылған мектеп бағдарламасына көшеді. Ал 10-11 сыныптар үшін "Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" атты жаңа пән енгізіледі. Бұған оны пилоттық жоба ретінде бірнеше мектепте сынақтан өткізген. Соның бірі – Алматыдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназия.
"Пилоттық жоба кезінде біздің оқушыларымыз кәсіпкерліктің бастапқы негіздерін меңгеріп шықты. Бірнеше бизнес жобаны да қорғап үлгерді. Осы жобалар жүлделі орынға ілікті", - деді мектеп директоры Эльмира Бидайбекова.
"Кәсіпкерлік және бизнес негіздері" пәні "Атамекен" ҰКП бастамасымен енгізілген болатын. Бұл – элективті пән. Оқушы оны өз еркімен таңдайды. Жоспар бойынша жаңа пән аптасына екі рет оқытылады. Соның ішінде теория мен практика бар.
Қыркүйек айында "Педагог мәртебесі" туралы заң жобасы парламенттің қарауына түседі деген жоспар бар. Заң жобасы ауқымды бес бағыттан тұрады. Атап айтқанда, материалдық және материалдық емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаз құқығын кеңейту, мұғалімдердің жүктемесін азайту.
Жақында министрлер кабинеті заң жобасын бірауыздан бекітті. Енді ол қыркүйек айында мәжіліске жолданады. Заң жобасында педагогтың жүктемесін азайтуға қатысты жекелеген нормалар да бар.
"Мұғалімнің кәсіби функциясына кірмейтін міндеттерді жүктеуге, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салынады. Мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға және артық есеп беруге шақыртқаны, тартқаны үшін 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады", - деді министр Асхат Аймағамбетов.
Бұдан бөлек, Қазақстандағы мектептерді бес күндік оқу аптасына көшіру мәселесі жыл соңына дейін шешіледі.
Өткен жылғы жолдауда тұңғыш президент мұғалімдердің жалақысын 30 процентке көтеруді тапсырған болатын. Осы шаралар біртіндеп атқарылып келеді. Атап айтқанда, былтыр 1, 2, 5 және 7-сынып мұғалімдерінің айлығы көтерілсе, одан кейін 3, 6 және 8-сынып ұстаздары да жалақыны үстемеақымен ала бастады. Енді, биыл 1 қыркүйектен бастап 4, 9 және 10-сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейеді. Олардың жалпы саны – 90 мың адам. Ал 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің ақшасы артады деген жоспар бар.
Бұған дейін таратылған мәліметке сәйкес, қалада жұмыс істеп жүрген мұғалімнің 15 жылдық еңбек өтілі және 1-санаттағы біліктілігі болса, онда оның үстемеақысы 24 мың теңгені құрайды. Дәл сондай ауыл мұғаліміне 25 860 мың теңге көлемінде қосымша ақы беріледі. Еңбек өтілі мен жүктемесі төмен болған сайын үстемеақының көлемі де азаяды.
Айта кетейік, біліктілік тестін тапсырғаннан кейін 50 процентке дейінгі қосымша ақыны да алуға болады. Мысалы, 15 жыл еңбек өтілі бар бірінші санаттағы қала мұғалімі тест арқылы бір саты жоғары деңгейге өтсе, онда қосымша ақы 28 мың теңге, ал ауыл мұғалімі үшін 36 мың теңгені құрайды.
Қазақстанның депозитке кепілдік беру қоры сыйақының максималды мөлшерлермесін бекітті. Оған сәйкес, қыркүйек айында жеке тұлғалардың теңгемен салынған барлық депозиттері бойынша сыйақы өседі. Әсіресе, жинақ салымы тиімді, 12,3-14,2 проценттің шамасында болады.
Ал Ұлттық банк 24 қыркүйектен бастап кредиттер бойынша қарызды өндіріп алу ережесінің өзгергенін хабарлады. Жеке тұлғалардың мерзімі өткен берешегін өндіріп алғанда есеп-шотында жатқан немесе түскен ақшаның тек 50 процентін ғана қарызды өтеуге жіберуге болады. Есеп-шотта ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмайтын қаржы қалуы қажет.
Осы орайда ұлттық банк заңда көрсетілген тағы бір маңызды мәселені еске салды. Мемлекеттік жәрдемақы, алимент, тұрғын-үй жинақтары және білімге жиналған ақшаға тиісуге болмайды.