Саясат
Конститутция күні қарсаңында Семейде 15 медицина қызметкері баспаналы болды
Биыл Қарағайлы ықшам ауданындағы 5600 орындық Абай-арена мәдени-спорттық кешенінің құрылысы аяқталады. Бұл кешенде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен және ықшам ауданның даму барысымен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов танысып қайтты. Аймақ басшысы кешенді аралап, құрылысшылардың жұмысына оң бағасын берді. Бұдан соң аймақ басшысы 15 медицина қызметкеріне пәтер кілттерін табыстауға барды.
– Жарты жылдың ішінде Семейдегі болашағы бар шағын ауданда пәтерлер салынды. Оның ішінде 15-ін медицина қызметкерлеріне табыстаймыз. Себебі медицина – адам өмірінің сапасын жақсартатын ең басты аспектілердің бірі. Мен баршаңызды осы тамаша күнмен құттықтаймын, - деді Даниал Ахметов тұрғындарға.
Қоныс тойын тойлаушылардың жүзінен бал-бұл жанған қуанышты көрдік.
– Бүгін біздің отбасымыз үшін ең бақытты күн. Мен жастарды назардан тыс қалдырмай, қамқорлық танытқаны үшін мемлекетке алғысымды айтқым келеді. Мен бала кезімнен бері осындай қолдауды сезінудемін. ҰБТ-дан жоғары балла жинап, медициналық академияға оқуға түстім. Ал міне, бүгін баспаналы болдым, - деді №2 қалалық аурухана бөлімшесінің педиатры Антон Рамм.