Саясат
Мәселе еңбек етуде
Қазақстанның Белоруссияда екі жыл елшісі болған, жақында елге оралуды көздеп жүрген Ермұхамет Ертісбаев «Время» басылымына берген сұхбатында Елбасының «екі сиыр» жайлы айтқанына пікір білдірді.
Елшінің айтуынша, беларусь басшысы халықты еңбек етуге көндіру үшін әлдеқайда қатаң жазаларға барған әрі бұл сол елдің әл-ауқатын көтеруге кәдімгідей көмектескен.
- Қазақстан мен Беларуссияның арасында қандай айырмашылық бар, білесіз бе? Назарбаев халықты еңбек етуге ғана үгіттесе, Лукашенко жатып ішерлерге қарсы заң қабылдап, еңбек етуге мәжбүрлеген. Басында жұмыс істемейтіндерге салық салынды. Көп наразылықтар болып, халық митингке шықты. Сонда да Лукашенко ойынан қайтпай қойды. Мәселен, кез келген беларусьтің аграр саласында жұмыс істеп, үкіметтен үй алуына мүмкіндігі бола тұра қалаға барып өмір сүргенді жөн көреді. Ал қалада жұмыс жоқ. Әйтеуір күн көру үшін Ресейге, Польшаға барып жұмыс істейді. Қазір миллиондаған беларусь шетелде жұмыс істеп жүр, тапқан табысын үйіне жібереді, - дейді Ертісбаев.
Оның айтуынша, посткеңестік елдердің тек екеуінің ғана азаматтары шетелде гастарбайтер болып, өзге елден нәпақы іздеп жүрген жоқ.
- Олар – Ресей мен Қазақстанның азаматтары. Сондықтан қазір наразылық білдіріп, Фейсбукте шешен болып отырғандарға айтарым біреу-ақ: қолда бардың қадірін білейік, - дейді дипломат.
Бұдан әрі сұхбатында Ертісбаев көшбасшысы Назарбаевтың екі сиыр жайлы айтқан «мысалының» түйінін тарқатып, мәселенің «екі сиырда» емес, еңбек етуде, тіршілік жасауда екенін айтады.
- Назарбаевтың елді еңбекке шақырып келе жатқанына ширек ғасыр болды. Ол елдің соңғы уақытта еңбек етуге құлшынбай, мемлекеттен ғана қамқорлық талап етуіне алаңдаулы. Бұл жақсы үрдіс емес, - дейді сұхбат беруші.