Weekend

Патриот Әзиз

Өзбек жігіт туралы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әзиз - Өзбекстанның азаматы. Ұлты - өзбек. Жасы алпыста. Өзбекстанның көптеген азаматтары Ресейде, Қазақстанда жұмыс істейді ғой. 

Өзбекстанның бұрынғы Президенті, марқұм Ислам Каримов шетте жұмыс істеп жүргендер жайлы бірде былай деп еді: "Олар өз елдерінің патриоттары емес, бізде де жұмыс жетеді. Бірақ олар біздің айлықты азсынады" деп еді. "Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар" демекші, жағдай Өзбекстанда жақсы болса, өзбектердің Ресейге барып несі бар. 

Әзиз де Ресейде, Қазақстанда жұмыс істеген. Сонау сәуір, мамыр айларында жұмыс іздеп кетіп, қара суық күзде еліне оралады. Тапқанын қыс бойы азық етіп, келесі жазды, маусымды күтеді. 

Әзиздің бес қызы бар. Бәрі тұрмысқа шыққан. Үшеуінің жағдайлары жақсы, екеуінікі онша емес, дейді. Әзиз сол екеуіне көмектеседі. Әзиздің әйелі болған, бес қыздың шешесі, қыздарының алды бойжетіп, арты мектептегі кездерде қайтыс болып кетіпті. Кейін бір-екі әйелдермен бас қосып көрген, бірін Әзиздің шешесі жақтырмаған, екіншісімен өзі тұрмыс құра алмай, тұздары жараспаған.

Әзизге жұмыс тауып беруші бригадирі бар. Ол сол үшін оған 15-20 мың ақша төлейді. Бірінші қожайынмен келісетін де, ақшаны алатын да - сол бригадир. Сол бригадирі менің үйімдегі жұмысқа да менімен келісіп, Әзизді және де жанында бір жас жігітпен бірге менің үйіме алып келді. Біз ас үйді кеңейтіп, қосып, ішке дәретхана, ванна орналастырып, шатырды жаңалауымыз керек еді. Сол жұмыстарды Әзиз істеді. Жақсы орындады. 

Сосын біздің үйге жай келген, қонаққа келген ағайын-туыстарымыз Әзиздің жұмысын көріп, бағалап, өздерінің үйлеріндегі жұмыстарға шақырды. Мен Әзизге былай дедім: "Енді бригадирсіз-ақ тікелей менің туысқандарыма бара бер" дедім. Сөйтіп, Әзиз біздің жанұялық құрылысшымызға айналды. Қазір міне екі жылдай болды, менің туған-туыстарым, құда-жекжаттарымның үйлерінде жұмыс істеп нәпақасын тауып жүр.

Әзиз айтады: "Өзбекстанның қару-жарағы мықты, әскері айбынды және біздің халқымыздың саны 32 миллион, біздер сендерден көппіз" дейді. "Әй мейлі, көп болсаң көп бол, біз туысқан халықтармыз ғой, тіліміз ұқсас, дініміз бір" деймін мен. Оған Әзиз келіседі. Әзиз өз елін сүйеді, өз елінің патриоты. 

Әзиз ұялы телефонына жазып алған бір өзбек әншісінің әнін тыңдап жүріп жұмыс істейді. Басын шайқайды, мұңданады. Ол әннің сөздері мынадай сарында. "Кімге айтамын иарымды, кімге айтамын иа-рымды.." деп кете береді. Мен "жырымды" екен деп жүрсем, "кімге айтамын зарымды" дегені екен. Әзиз де, шамасы біреуге зарын айтқысы келетін шығар. Әйелі жоқтығын, жалғыздығын, шетте, өз елінен алыста, нәпақа табу үшін жүргенін айтқысы келер. Кім тыңдар оның зарын. Ақша, ақша деген заман ғой қазір. 

Қазіргі Өзбекстан Президенті Мирзиеев кейде қарапайым адамның киімін киіп алып бетіне гримм жасатып, көше аралайды екен. Базарларға барып, қарапайым халықпен сөйлесіп, жағдайларын сұрайды екен. Шенеуніктер халыққа қалай қызмет көрсететінін сұрап біледі екен. Әзиз осыны айтып өз Президентімен мақтанады.  Сөйтсе де Әзиз патриот. Өз елін сүйеді, өз елімен мақтанады. Бізде сондай патриоттар жетіспейді. Азамат, Әзиз!