Bugin
Қалада он бір қазақ мектебі болған еді
«Білім күні» қарсаңында қаланың 19-шы шағын ықшам ауданында №48 мектептің ашылу салтанаты өтті. Бұл - Өскемендегі 12-ші қазақ мектебі. Қалған 36 мектеп - аралас және бірыңғай орыс тілді мектептер. Жылдың аяғына дейін Өскеменде тағы 2 жаңа қазақ мектебі пайдалануға берілмек.
Мектептің ашылу салтанытына облыс әкімі Даниал Ахметов қатысып, мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндермен қызыл лента қиып, білім кілтін мектеп директорына табыстады.
- Мұндай үлкен ғимарат еуропада жоқ. Тек қана біз салып жатырмыз. Әлемдегі көптеген мемлекеттерде болдым, алайда дәл осындай, біздегі мектептердей құрылыс сирек. Біздің елдегі мектептерді сарай деуге келеді. Біз мұны бағалапп, қадірлеуіміз керек. Барлық мектептерде заманауи құрал-жабдықтар, IT сыныптар бар. Енді тек қана бізге сапалы білім керек. Біздің халық бір жолмен ғана бәсекеге қабілетті бола алады. Оның жолы – білім, - дейді Даниал Ахметов.
Алайда мектеп ашылғанымен құрылыс жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Осы себепті бірқатар ата-аналар балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдаулы.
- 2017 жылдың қарашасында бастағанбыз. Мерзімінен бұрын бітірдік. Мектеп 100 пайызға дайын. Барлық жабдықтар бар. Канализация құбырлары тағы сол сияқты барлық желілері тартылған. 3 жыл кепілдігі бар. Қандай да бір олқылықтар бар болса, жөндеуге әзірміз. Ішкі құрылысы толықтай біткен. Тек артқы жағында сыртында біраз бітіретін жұмыстар бар. Балалардың оқуына кедергі келтірмейді. Бір аптаның төңірегінде бітеміз деген ойдамыз, - дейді «Жарқұрылыс» ЖШС-нің басшысы Кенан Мамедович.
Айта кетейік, аталмыш мектептің құрылысына бюджеттен 2 млрд 227 млн қаражат бөлінді.