Саясат
Конференцияға мемлекеттік бюджеттен 65 156 000 теңге бөлінген екен
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайын "Балаға қамқор Азия" атты қымбат конференцияны өткіздірмейтін болды. Оған кететін қаржыны елдегі балалардың проблемасы мен қажетіне жұмсамақ.
Конференция биыл 10-11 қарашада өтуі тиіс болған. Оған мемлекеттік бюджеттен 65 млн теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Ол бұл шараның еш пайдасы жоқ деп пікір білдірді.
- Біздің елде ең бастысы – балалардың құқығы қорғалуы тиіс. Ол үшін нағыз керек дүниелер істелуі тиіс. Өзге елдермен тәжірибе алмасуды конференцияда ғана емес қарапайым жұмыс процесінде де жүзеге асыруға болады. Қазір UNICEF-пен бірігіп тәжірибе алмасып жатқанымызды мысалға келтіруге болады. Қандай да болсын іс-шараны ақылға қонымды қаржыға өткізу керек. Оның өзінде ол қазақстандық мамандар мен дәрігерлерге, балаларға пайдалы болуы тиіс, - дейді Аружан Сайын.
Аружан Сайын туралы не білеміз?
Аружан Сайын Қызылорда қаласында туған. 1993 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі ҚазҰУ) география факультеті, экология және мониторинг кафедрасына оқуға түсті.
2006 жылы "Мейірім" ерікті қоғамы" қайырымдылық қорын құрды. Қор балалар мен сәби үйлеріне, сондай-ақ науқас балаларға көмек көрсетеді.
Сондай-ақ, Сайын қор аясында ауыр дертке шалдыққан балалардың еміне ақша жинап, бала асырап алу, инклюзия мәселелерімен айналысады.
2012 және 2015 жылдары Аружан Сайын "Жылдың қоғам қайраткері" номинациясы бойынша "Халық сүйіктісі" ұлттық жүлдесінің лауреаты атанды.
2019 жылы президент тағайындауымен Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі атанды.