Саясат
Германия Екінші дүниежүзілік соғыс үшін кешірім сұрады
Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер бүгін Польшаның Велюнь қаласында Екінші дүниежүзілік соғыстың құрбандарын еске алу қаралы жиынына қатысты. Онда ол поляктардан бас иіп, кешірім сұрады.
- Мен герман тираниясына ұшыраған поляктар мен өзге де құрбандардан бас иіп, кешірім сұраймын, - деді ол.
Міне, кінәні мойындау және адамдыққа қадам басу деген - осы. Қазіргі Германия ІІІ рейхтың мұрагері саналмаса да, оның кінәсі үшін кешірім сұрауда. КСРО Германиямен келісіп, Польшаны бөліп алды. Дүниежүзілік соғысты тек Германия емес, екеуі бірге бастады. "Қатын қырғынында" КСРО 22 мың поляк зиялыларын, қаймақтарын қырып салды. Германия Польша алдында қандай кінәлі болса, Ресей де дәл сондай күнәһар.
Ендеше Берлин жасаған дәл осы әрекетті Ресей қайталай ала ма? Миллиондап атылған әр ұлттың арыстары үшін, миллиондап қырылған геноцид құрбандары үшін, қолдан жасалған аштық, этноцид үшін, жойылған тіл, басып алынған жер, тапталған рух, тілімделген тән мен жан үшін, азаттық үшін алаңға шыққан әр ұлттың тәуелсіздік бұлқыныстарын танкпен таптағаны үшін, ядролық сынақтармен толықтай ұлттың генін ауру еткені үшін, өзге елдерге аяусыз жасалған шабуылдар үшін бас иіп, кешірім сұрай ала ма? Путин бір елге барып, "Сталиннің кешірілмес қылмыстары үшін кешірім сұраймын" деуіне қарағанда, күннің батыстан шығуы оңай-ау. Неге?
Жауап - бір. Өйткені қазіргі Ресей - кешегі КСРО. Бар болғаны аты ғана өзгерді. Ол тарихтан сабақ алған емес. Қырымды тартып алуы, ондағы татар зиялыларын қудалауы, Осетия, Абхазияны басып алуы, үнемі өзге елдерді қарумен қорқытып-үркітуі - соның шүбәсіз дәлелі. Мұндай одақтасы бар елге, жаудың қажеті шамалы сияқты.