Саясат
Премьер - қуыршақ
«Империя» ақпараттық-аналитикалық порталында жарияланған «Шоу «Слуга народа» продолжается в реале» атты мақалада жаңа парламент пен министрлер кабинетін жасақтаған Зеленскийдің үлкен күшке ие болғаны әрі мұндай саяси жүйенің ресейлік үлгіге ұқсап бара жатқаны жайында айтылады.
Жарияланым авторының айтуынша, Зеленский жаңа парламентті құрамын әрі бұрынғы шенеуніктерден үкіметті тазартамын деп жүріп, өзіне басым билік жинап алды.
- Жаңа парламентке келген тұлғалардың көбін ел танымайды. Премьер-министр мен министрлер де елге аса таныс емес. Мемлекет тарихында мұндай өзгеріс тұңғыш рет болып отыр. Тағайындалған адамдардың саяси беделі де жоқ. Бір қызығы, украин үкіметі де олардың саясатта беделді болғанына мүдделі емес. Өйткені парламент премьер-министрдің қолында емес, президенттің, яғни, Зеленскийдің қолына жинақталған. Ал премьер-министр техникалық тұлға болып қала бермек, - деп жазады басылым.
Саяси шолушының ойынша, премьер-министр мен министрлердің шешім қабылдауға толық құзіреті жоқ болғандықтан, олар жиі ауысатын болады. Ал мемлекеттік шешімдердің барлығы президент әкімшілігінің иелігінде қалмақ. Осыдан былай Украин парламенті шешім қабылдайтын емес, мәселені талқылайтын ортаға ғана айналмақ.
- Зеленский аз ғана уақыттың ішінде бүкіл билікті қолына жинап алды. Тіпті, оған Украинаға батыстың ықпалын жүргізетін Антикоррупциялық сот пен Украинаның антрикоррупциялық бюросы да тісін батыра алмайды. Зеленский президенттік постқа қолы жеткен уақытта-ақ Украинаның антрикоррупциялық бюросы мен Мемлекеттік тергеу бюросына басшы тағайындауды президенттің конституциялық құқығына қосып алды, - делінген мақалада.
Автордың ойынша, биліктің мұндай басқару жүйесі Ресейдікімен бірдей. Яғни, бүкіл билік президенттің қолына өтіп кеткен.
- Ал Донбастағы соғысты тоқтатуға бағытталған саясат сол күйі шешілмеген, жылжымаған күйде қалуы мүмкін. Өйткені Украинаның ішкі істер министрі болып сол баяғы Арсен Аваков қалып отыр. Ал ол Петр Порошенконың режімінен қалған әрі соғысты жақтаушы тұлғалардың бірі, - делінген басылымда.